Жаңалықтар

Қазақстан мен Пәкістан екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті

Қазақстан мен Пәкістан екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті
Фото: Сауда және интеграция министрлігі 23.12.2023 04:28 1704

Астанада Қазақстан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі бірлескен үкіметаралық комиссияның 12-ші отырысы өтті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі. 

Іс-шараға ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев пен ИРП Экономикалық істер министрінің бірінші орынбасары Казим Нияздың төрағалығымен екі елдің елшілері, министрліктер мен бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.

Тараптар өзекті мәселелерді талқылап, сауда, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, энергетика, ақпараттық технологиялар және басқа да салалардағы екіжақты қатынастардың табысты дамуын атап өтті.

Қазақстан Пәкістанды маңызды және перспективалы сауда серіктесі ретінде қарастырады және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше мән береді. Сонымен қатар, біздің елдер арасындағы тауар айналымының қазіргі деңгейі оның әлеуетіне сәйкес келмейді. Біз экспортты ұлғайтуға мүдделіміз және Пәкістан нарығына экономиканың түрлі салаларынан құны 21,5 миллион долларды құрайтын 40 өңделген тауарды қосымша жеткізуге дайынбыз, - деді Қазақстанның Сауда және интеграция вице-министрі үкіметаралық комиссия отырысында.

Қайрат Төребаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы тауар айналымының келешегі жақсы, ағымдағы жылдың 10 айында тауар айналымы өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға артып, 17 миллион доллардан асты.Қазақстан тарапы осы бағыттағы ынтымақтастықты жалғастыруды ұсынды.

Өз кезегінде Ислам Республикасы Экономика министрінің бірінші орынбасары Казим Нияз сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту және транзиттік бағыттар мен логистиканы құру біздің елдеріміз үшін басым мәнге ие екенін атап өтті. Осылайша, көліктік логистиканы дамыту мақсатында QazTrade мен пәкістандық National Logistics Cell логистикалық компаниясы логистикалық қызметтерді ұйымдастыру және арнайы тарифтік шарттарды ұсыну арқылы өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. 

Осы жылдың шілде айында Астанада Қазақстан-Пәкістан Іскерлік кеңесінің бірінші отырысының өтуі алдағы ынтымақтастықта екі елдің әл - ауқатының өсуін одан әрі нығайтатынын көрсетті, - деді Казим Нияз.

Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін тараптар 12-ші бірлескен үкіметаралық комиссияның қорытынды хаттамасына және Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасының провинцияаралық үйлестіру министрлігі арасындағы туризм саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға және Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық мұра және мәдениет министрлігі арасындағы мәдениет саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды.

Сондай-ақ, өзара тиімді ынтымақтастық пен тікелей байланыс орнату мақсатында 2023 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстан мен Пәкістанның бизнес-топтары үшін дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел отырысына жеңіл және тамақ өнеркәсібі, АӨК, логистика, IT, фармацевтика, білім беру, сервистік қызмет көрсету саласындағы 35-тен астам қазақстандық және пәкістандық компаниялар қатысты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға