Қазақстан мен Өзбекстан жаңа әуе бағыттарын іске қосады: билет бағасы қандай
Алдағы уақытта Қазақстан мен Өзбекстан жаңа авиамаршруттар мен Жібек жолы бойынша бірлескен турлар ашады. Қос елдің арасындағы туризм және көлік байланыстарын дамыту жөніндегі жұмыстар күшейтілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Көлік министрлігі тарапынан үш жаңа әуе бағыты іске қосылады. Осы жылдың 1 желтоқсанынан бастап отандық әуе компаниясы Түркістан - Бұхара, Түркістан - Үргеніш (Хиуа) және Түркістан - Самарқанд бағыттары бойынша тұрақты түрде ұшатын болды. Рейстер әр бағыт бойынша аптасына үш рет орындалады.
Билеттер қазірдің өзінде сатуға шығарылды, ұшу құны: бір бағытқа 40 мың теңге. Бастапқы кезеңде әуе қатынастары тұрақты жолаушылар ағынын қалыптастыру үшін субсидияланатын болады.
Маршруттардың ашылуы екі елдің туризмін дамытуға және Ұлы Жібек жолы қалаларын ілгерілетуге, сондай-ақ өңірлердің көлік байланысын күшейтуге және шетелдік туристер ағынын ынталандыруға бағытталған.
Самарқандқа алғашқы тур kompastour операторымен бірлесіп іске қосылды. Қазір басқа туристік компаниялармен жаңа турларды ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. 2026 жылы екі елдің туристік ресурстарын біріктіру мақсатында Қазақстан мен Өзбекстанның туристік әлеуетін бірлесіп ілгерілету жоспарланып отыр.

