Жаңалықтар

Қазақстан мен Моңғолия өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Моңғолия өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Фото: gov.kz 06.09.2023 21:02 579

Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Моңғолияның Тау-кен және ауыр өнеркәсіп министрі Жамбалын Ганбаатармен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесу барысында Ғ.Қойшыбаев моңғол тарапын Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген реформалардың негізгі мазмұнымен, оның ішінде елдің тау-кен өндіру өнеркәсібі саласында көзделген өзгерістермен таныстырды. 

Атап айтқанда, тау-кен саласын басқару жүйесін жаңғырту мақсатында оған ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту, салық және реттеу шарттарын өзгеріске икемді ету, геологиялық зерттеу жүргізген инвесторларға жер қойнауын пайдалануда басымдық беру, тиісті рәсімдер саны мен оларды орындау мерзімін азайту, геологиялық және геофизикалық барлау көлемін едәуір ұлғайту, сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеруді басты бағыттардың біріне айналдыру, өңдеу өнеркәсібіндегі инвесторларды бастапқы үш жылда салықтан және басқа да міндетті төлемдерден босату сияқты шаралардың көзделгенін баяндап берді.

Өз кезегінде Ж.Ганбаатар Қазақстанның тау-кен саласындағы саясаты мен заңнамаларын егжей-тегжейлі зерттеуге және екі елдің салалық мекемелері арасында ақпарат пен тәжірибе алмасуға қызығушылығын білдірді. 

Ол, сондай-ақ, қазақстандық дипломатты Моңғолия осы салада жүзеге асырып жатқан халықаралық ынтымақтастықтың жай-күйімен қысқаша таныстырып өтті және қазақстандық тарапты 2023 жылғы 9-13 қазанда Ұлан-Батыр қаласында өтетін «Mongolian Mining Week-2023» атты пайдалы қазбалар мен минералдық ресурстар саласындағы халықаралық конференцияға шақырып, бұл іс-шараның аясында моңғол әріптестерімен пайдалы байланыстар орнатуды ұсынды.

Сонымен бірге, кездесу үстінде тараптар тау-кен саласындағы, оның ішінде шикізатты өңдеу бағытындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға