Жаңалықтар

Қазақстан мен Мажарстан экономикалық ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Мажарстан экономикалық ынтымақтастықты нығайтады
Фото: gov.kz 04.11.2023 23:30 1449

Астана қаласында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мажарстанның экономикалық даму министрі Мартон Надьпен кездесті. Кездесу іскерлік таңғы ас форматында өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Мажарстан Қазақстанның сенімді сыртқы экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады. Бізді тарихымыз бен мәдениетіміз байланыстырады, - деді ҚР ҰЭМ басшысы.

Қазақстан мен Мажарстан арасындағы ынтымақтастық тек екіжақты деңгейде ғана емес, халықаралық ұйымдардың алаңдарында, оның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде де жүзеге асырылады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымын арттыруды тапсырды. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін барынша күш салуға ниеттіміз. Қазіргі уақытта металлургия, мұнай химиясы, машина жасау, ауыл шаруашылығы және құрылыс өнімдерінің экспортын арттыру бойынша үлкен әлеуетке иеміз, - деді Ә.Қуантыров.

Өз кезегінде М.Надь мырзаның айтуынша, Мажарстан тарапы мұнай-газ, қаржы секторында, "жасыл" энергетика, білім беру саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға дайын. Мажарстанның экономикалық даму министрі Қазақстанның транзиттік-логистикалық әлеуеті зор екенін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға және екі министрлік арасында тығыз байланыс орнатуға келісті.

2023 жылғы 8 айда сауда көлемі 24,4%-ға өсіп, $124,2 млн-ды құрады (2022 жылғы ұқсас кезеңде - $99,8 млн). 2005-2022 жылдар аралығында Мажарстаннан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны $318,7 млн-ды құрады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 42 венгерлік кәсіпорын ("MOL" мұнай-газ компаниясы, "Gedeon Richter" фармацевтикалық компаниясы және т.б.) және 56 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Айта кетсек, ҚР ҰЭМ басшысы Ә.Қуантыров Қазақстан тарапынан Қазақстан-Мажарстан үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы болып табылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға