Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстан мен ICAO азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

09.07.2025 04:33

Еліміздің премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаномен кездесті, деп жазады El.kz интернет порталы.

Тараптар Қазақстанның әуе көлігін дамыту, әуежайларды жаңғырту және халықаралық стандарттарға сай авиациялық инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін талқылады.

Олжас Бектенов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар нәтижесінде саланың ICAO стандарттарына сәйкестігі 47%-дан 82%-ға дейін артқанын атап өтті. Бұл Еуропа елдерімен әуе қатынасын кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.

Сальваторе Шаккитано Қазақстанда соңғы жылдары авиация саласында айтарлықтай ілгерілеу болғанын айтып, ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді. Оның айтуынша, ICAO тұрақты даму мақсаттары аясында экологиялық таза авиациялық отынды пайдалану бойынша да бірлесіп жұмыс істеуге дайын.

Кездесу қорытындысында тараптар серіктестікті жан-жақты дамытуға ниетті екенін растады.