Жаңалықтар

Қазақстан мен Францияның құқықтық көмек көрсету тәртібі айқындалды

Бұл туралы Сенат отырысында айтылды
Қазақстан мен Францияның құқықтық көмек көрсету тәртібі айқындалды
Фото: parlam.kz 09.02.2023 12:21 1317

Сенат Қазақстан мен Франция бас бостандығынан айырылған азаматтарды елдеріне қайтару туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қазақстан бүгінде құқықтық салада 34 мемлекетпен 72 екі жақты келісім бекітті. Оның ішінде 16 еуропалық елмен 35 шарт жасалды.

Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы 29 шартқа қол қойылды. Жасырынып жүрген адамды ұстап беру туралы 21 шарт бекітілді. Сотталған адамдарды беру туралы 22 елмен шарт жасалды. Осындай халықаралық шарттар жасауда туристік, экономикалық қарым-қатынас дамыған елдерге басымдық берілген.

«Мұндай шарттар тараптарға бірқатар талаптар мен міндеттерді жүктейді. Шарт күшіне енген соң тараптар бір біріне жолдаған құқықтық көмек туралы сұрауларды орындауға міндетті болады. Орындаудан бас тартса, онда жазбаша түрде негізделген жауап беруі тиіс. Сонымен қатар, істі тергеуге байланысты бір елден екінші елге шақыртылған куәгерлер мен сарапшыларға шақырған тарап қылмыстық қудалаудан иммунитет береді. Бұл талаптар құқықтық көмек көрсету туралы шарттың өзара сенімі бойынша яғни шарт болмаған жағдайда құқықтық көмек көрсетуден басты айырмашылығы болып табылады. Ұсынылып отырған шарт өзара құқықтық көмек көрсету негіздері мен тәртібін оларды жүзеге асыру жолдарын, куә, сарапшы мен айыптаушыны шақырту, олардан жауап алу, күзетпен ұстап отырған адамдарды уақытша алдыру және де басқа мәселелерді реттейді. Нақтырақ айтқанда, сұрау салу, заттарды тәркілеу, тінту, сараптама жүргізу, банктегі счеттарды анықтау, куәдан, сарапшыдан және айыптаушыдан жауап алу, ақпарат алмасу басқа да тергеу амалдарын қамтиды», - деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев.

Мәселен Францияда тінту жүргізу қажет болған кезде біздің құқық қорғау органдары сұрау жолдайды. Оған тергеу соты санкция берген қаулы қоса беріледі. Францияның тергеу органың өзінің ұлттық заңнамасы негізінде тінту жасайды. Оның нәтижесін бізге хабарлайды. Дәл осындай тәртіпте Франциядан келіп түскен сұрауларды біздің тергеу органдары орындайды. Соның ішінде Франция сотымен санкцияланған қаулыны біздің тергеу сот растайды.

Шартта құқықтық көмек беруден бастарту негіздері бекітілген. Олар: ел егемендігі мен қауіпсіздігіне және қоғамдық тәртіпке қапер төндіретін болса; адамның жынысы, ұлты, діні, саяси немесе идеялогиялық сеніміне қатысты болса; ескіру мерзімі өтіп кетсе; сұрау салуды орындау тараптың заңнамасына қарсы келсе;

Сенат депутаттары келісімді ратификациялау бойынша заң жобасын мақұлдады.

«Мақұлданған заң Қазақстан мен Франция қылмыстық істер бойынша өзара ыңтымақтастықты нығайту үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес шартта екі елдің уәкілетті органдары арасында құқықтық көмек көрсету тәртібі айқындалған. Өзге елдермен осы сипаттағы шарттарды жасасу тәртібін арттыра түседі деп сенеміз», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға