Жаңалықтар

Қазақстан мен Франция президенттері бірлескен мәлімдеме жасады

Қазақстан мен Франция президенттері бірлескен мәлімдеме жасады
Фото: Akorda.kz 01.11.2023 17:31 757

Қазақстан Республикасы президенті мен Француз Республикасы президенті бірлескен мәлімдеме жасады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

1.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Француз Республикасының Президенті Эмманюэль Макрон 2023 жылғы 1 қарашада Қазақстанға ресми сапармен келді.

2.Қазақстан Республикасы мен Француз Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарттың он бес жылдығында Мемлекет басшылары өздерінің екі ел арасындағы басым қатынастарды қарқындатуға және әртараптандыруға ортақ ұмтылыстарын растады.

3.Президенттер Қазақстан мен Франция арасындағы барлық деңгейдегі сенімді және тұрақты диалогқа қанағаттанушылық білдіріп, саяси, экономикалық, өнеркәсіптік және сауда ынтымақтастығының жоғары серпінін құптады.

4.Достық пен өзара түсіністік рухында өткен келіссөздер барысында Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарына, атап айтқанда, барлық мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін, аумақтық тұтастығын және халықаралық мойындалған шекаралардың мызғымастығын құрметтеуге, сондай-ақ дауларды бейбіт жолмен шешуге берік бейілділігін атап өтті. Жаһандық және өңірлік деңгейде, соның ішінде Таяу Шығыста бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ортақ ұмтылыстарын растады. Украина төңірегіндегі жағдайға, соның гуманитарлық салдарларына және жаһандық экономика мен әсіресе осал елдердің азық-түлік қауіпсіздігіне тигізген әсеріне байланысты өздерінің терең алаңдаушылығын атап өтті.

5.Президенттер климаттың өзгеруіне қарсы күрестің маңыздылығын растады. Орталық Азияда климаттың өзгеруінен туындаған сын-қатерлерге қарсы өңірлік ынтымақтастық шеңберінде қабылданған нақты шараларға қанағаттанушылық білдіріп, осы бағытта, атап айтқанда, су ресурстарын тұрақты басқару саласында одан әрі күш-жігер жұмсауға шақырды. Сондай-ақ, БҰҰ Бас Ассамблеясы алаңында сияқты ірі іс-шара аясында бірлесіп халықаралық конференция ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.

Қазақстанның инновациялық көміртегісіз энергия көздеріне көшуіне қосылатын үлес болып табылатын электр қуатын сақтайтын қондырғысы бар қуаттылығы 1,2 ГВт жел электр станциясын салу бойынша ауқымды жобаны жүзеге асыруда қол жеткізілген прогресті құптады.

6.ФДА тобының (Agence française de développement – Француз даму агенттігі) Қазақстандағы қызметі туралы үкіметаралық келісімге қол қойылуын құптады. ФДА-ның Қазақстандағы жұмысы энергетикалық көшу, қоршаған орта және әлеуметтік даму мәселелері бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Су, энергетика және денсаулық сақтау секторларында бастапқы жұмыстарды жүргізу және кейіннен Астанада өкілдік ашу жоспарлануда.

7.Тараптар Қазақстан Республикасы мен Еуропа одағы және оған мүше мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясында өзара тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға әзірлігін мәлімдеді. Осыған орай, Президенттер 2023 жылғы маусымда «Орталық Азия-Еуропа Одағы» екінші саммитінің өтуін және 2023 жылғы 23 қазандағы ЕО-ОА министрлер кездесуі барысында ЕО мен Орталық Азия арасындағы байланыстарды тереңдету жөніндегі бірлескен жол картасының қабылдануын құптады. ЕО мен Орталық Азия арасында өзара байланыс саласындағы және «Global Gateway» Еуропа стратегиясын іске асырудағы ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.

8.Мемлекет басшылары бір-біріне маңызды әріптес болып табылатын екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты әртараптандыруды және тереңдетуді жалғастыруға уағдаласты.

Франция Қазақстан экономикасына негізгі инвесторлардың бірі болып табылады. Өз кезегінде, Қазақстан Францияның Орталық Азиядағы ең ірі сауда-экономикалық әріптесі болып табылады.

9.2021-2030 жылдарға арналған екіжақты экономикалық «Жол картасының» мақсаттарын еске сала отырып, Президенттер энергетика, атом энергетикасы және өнеркәсіп, сондай-ақ қол қойылған декларацияға сәйкес стратегиялық пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастық пен сауданы дамытуға да  уағдаласты.

Олар ауыл шаруашылығы саласындағы тығыз ынтымақтастықты дамытуға уағдаласты.

10.Мемлекет басшылары екі елдің білім беру және зерттеу орталықтары мен ауруханалары арасында онкология, телемедицина, оңалту және психомоторика, сондай-ақ репродуктивті денсаулық саласындағы әріптестік байланыстардың нығаюын атап өтіп, денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықтың дамуын құптады.

11.Президенттер жоғары білім саласындағы ынтымақтастықтың басымдылығын атап өтті. Осы орайда, «Абай-Верн» екіжақты бағдарламасы аясында грант санын  ұлғайту және «Болашақ» бағдарламасына қатысатын француз университеттерінің тізімін кеңейту есебінен қазақ студенттерінің Францияда білім алуын арттыруды құптады. Тараптар Қазақстанда Қазақ-француз университетін құру жұмысын жалғастырады. 2023 жылғы 1-3 қарашада Алматы қаласында Қазақстан-Франция жоғары оқу орындарының VIII Халықаралық форумының өтуін құптады.

12.Президенттер Қазақстанда француз тілін оқытуды дамыту қажеттігін атап өтіп, Қазақстанда француз оқу орындарын ашу және қазақ мектептерінде француз тілін оқыту туралы үкіметаралық келісімге қол қоюды құптады. Кадрлар даярлау және кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастықты оң бағалады.

13.Президенттер Париж қаласындағы Францияның Шығыс тілдері мен өркениеттері ұлттық институтында (INALCO) қазақ тілін оқытуды қайта жандандыруды құптап, қазақ тілі мен мәдениетін ілгерілету жөніндегі INALCO-ның алдағы жоспарларына қолдау білдірді.

14.Президенттер Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени саладағы екіжақты байланыстарды жандандыруға өзара ниеттерін растады. Екі елдің мәдени мекемелері арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған жобаларды оң бағалап, Парижде Қазақстан Республикасының Ұлттық көрмесін өткізу идеясын құптады.

15.Тараптар туризм және адами қатынастарды одан әрі дамыту саласындағы ынтымақтастыққа өзара қызығушылық білдірді.

16.Мемлекет басшылары спорт саласындағы байланыстардың жандануын құптады. Қазақстан Республикасының Президенті Француз Республикасының Президентіне 2024 жылы Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарын ұйымдастыруда табыс тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға