Жаңалықтар

Қазақстан мен Франция экономикалық және қаржылық әріптестікті нығайтады - Олжас Құспеков

Қазақстан мен Франция экономикалық және қаржылық әріптестікті нығайтады - Олжас Құспеков
Фото: parlam.kz 23.10.2024 20:06 368

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.🔵

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында еліміз үшін, экономикамыз үшін маңызы зор келісімді ратификацияладық. Ол Қазақстан мен Франция арасындағы Француз даму агенттігінің (ФДА) қызметі туралы келісім деп аталады. Бұл бізге не береді? Біріншіден, келісім Қазақстан мен Франция үкіметтері арасындағы экономикалық және қаржылық әріптестікті нығайтады. Еліміздің түрлі стратегиялық салаларында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, халықаралық деңгейде қолдау табуға септігін тигізеді. Екіншіден, ФДА – энергетика, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және «жасыл» көлік сияқты экономиканың маңызды салаларында серпінді жобаларды қаржыландыратын негізгі ұйым. Қазір Қазақстанда осы бағыттарды дамытуға ерекше мән берілуде, - дейді депутат.

Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында жаңа экономикалық саясат жариялаған болатын. Оны іске асыру, экономиканы еселей дамыту үшін ауқымды инвестиция, жаңа технологиялар керек.

Осы келісімді ратификациялау арқылы мемлекетімізге ұзақмерзімді жеңілдетілген несиелер мен гранттар бөлінеді. Сол арқылы маңызды инфрақұрылымдық және экологиялық жобаларды жүзеге асыра аламыз. Яғни, экономиканы тұрақты әрі қарқынды дамытуға қарай маңызды қадам жасап отырмыз. Айта кетейік, Француз даму агенттігінің негізі 1941 жылы қаланған. 1998 жылы агенттік Франция Үкіметінің саясатын қолдау мақсатымен қайта құрылды. Бүгінгі таңда 115 елде жұмыс істейді. Агенттік дамушы елдерге 4000-нан астам жобаға инвестиция салды. Қаржыландыру көлемі сол елдердің әлеуетіне байланысты әр түрлі болады.  Бірақ ФДА жыл сайын дамушы елдерге жүздеген миллион еуро көлемінде қаржы бөліп келеді. Бұл – Қазақстан үшін жақсы мүмкіндік, - дейді мәжілісмен.

Сонымен қатар, агенттіктің Қазақстандағы қызметі мемлекеттік жобаларды кепілдіксіз қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл да елдің қаржы секторын нығайтып, инвестициялық тартымдылығын арттыра түспек. Агенттік несиелерді 15 жылға дейінгі мерзімде және төмен пайыздық мөлшерлемелермен ұсынады. Ол да еліміздің қаржылық тұрақтылығын нығайтуға ықпал етеді.

Бір сөзбен айтқанда, бұл келісім – Қазақстан үшін халықаралық деңгейде инвестиция тартудың тиімді құралы. Ең бастысы, елдің экономикалық дамуын жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді деп ойлаймын, - деп толықтырды депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға