Қазақстан мен Башқұртстан спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейтпек
Қазақстан мен Башқұртстан спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытады. Бұл туралы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Башқұртстан астанасы Уфа қаласында өткен «Ресей – спорт державасы» халықаралық форумы аясында Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировпен кездесуінде айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында министр Радий Хабировты Башқұртстан басшысы лауазымына қайта сайлануымен және Башқұртстанның бас шаһары – Уфа қаласының 450 жылдығымен құттықтады. Бұл мерейтой қаланың бай тарихын ғана емес, мәдени және экономикалық орталық ретіндегі қазіргі дамуын да бейнелейтінін жеткізді.
Министрліктің мәліметінше, әңгіме барысында тараптар спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағыттарын талқылады.
Қазақстан мен Башқұртстан арасындағы спорттық ынтымақтастықтың ұзақ жылдық тарихы бар. Екі ел де қазақтың дәстүрлі спорт түрлерін, оның ішінде куреш және ат спорты жарыстары сияқты ұлттық спорт түрлерін белсенді дамытуда. Бұл біздің мәдени мұрамызды сақтауға көмектеседі, – деді министр.
Бұдан өзге Ербол Мырзабосынов туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту қажеттілігіне тоқталып, Kazakh Tourism мен Башқұртстанның туризмді дамыту орталығы арасындағы меморандум бойынша жұмысты жандандыруға ниетті екендігін жеткізді.
Былтыр Kazakh Tourism мен Башқұртстанның туризмді дамыту орталығы арасында меморандумға қол қойылған болатын. Аталған келісім біздің өңірлер арасындағы туристік ағымды арттыруға көмектесетініне сенімдімін. Біз осы саладағы тәжірибемізді бөлісуге және бірлескен жобаларды әзірлеуге дайынбыз», – деді ведомство басшысы.
Кездесу соңында министр Башқұртстанның туристік компанияларын Алматыда өтетін KITF-2025 халықаралық туристік көрмесіне қатысуға шақырды.