Қазақстан мен БАӘ көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға келісті

Премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстандағы елшісі Мұхаммед Әл-Арикимен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
СІМ мәліметінше, тараптар Қазақстан мен Әмірліктердің арасындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін, атап айтқанда, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қарқынды дамуын талқылады. СІМ басшысы БАӘ еліміздің Таяу Шығыстағы негізгі серіктестерінің бірі екенін және мемлекет басшылары арасындағы сенімді диалогты атап өтті.
Тараптар ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әбу Дабидің орнықты даму апталығына» қатысу үшін БАӘ-ге жақында жасаған жұмыс сапарының қорытындыларын оң бағалады.
Сұхбат барысында екіжақты тауар айналымын ұлғайту және көлік-логистикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа жолдарды іздеудің маңыздылығына ерекше назар аударылды. Бұл тұрғыда елдер арасындағы жолаушылар ағынының артуы және туристік сапарлар санының өсуі қанағаттанушылықпен аталып өтті, - делінген мәліметте.
Сонымен қатар сұхбаттастар жаһандық күн тәртібін талқылап, халықаралық ұйымдар аясында белсенді жұмысты жалғастыруға келісті.
