Қазақстан мен Әзірбайжан арасында суасты байланыс желісі тартылады

Қазақстан мен Әзірбайжан Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тартады. Бұл бастама - екі ел арасындағы цифрлық серіктестікті нығайтудың ауқымды қадамы, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.  

Аталған жобаны «Самұрық-Қазына» қорының портфельдік компаниясы - «Қазақтелеком» АҚ пен әзербайжандық «AzerTelecom Int.» бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Жаңа суасты кабелі Ақтау (Қазақстан) мен Сумгайыт (Әзербайжан) қалаларын жалғайды. Байланыс желісінің жалпы ұзындығы шамамен 380 шақырымды құрайды.

Жоба аясында теңіз түбін зерттеу, суасты кабелін дайындау және оны Каспийге төсеу жұмыстары жүргізіледі. Суасты байланыс желісі ақпарат алмасуды анағұрлым сенімді әрі жылдам етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл бастама өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде деректерді өңдеу орталықтарын орналастыруға және жаһандық технологиялық компанияларды тартуға жол ашады.

Каспий теңізінің түбімен Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы алғашқы оптикалық кабель тартылады. Ақтаудан Сумгайытқа дейінгі желі жобасының белсенді кезеңі ресми түрде басталды. Біз AzerTelecom компаниясымен бірге жағалау аймақтарын зерттеп, жағалаулық құдық пен кабельдік станция орнатылатын орындарды анықтадық. Баутино портынан теңіз түбін зерттейтін арнайы кеме аттанды. Бұл кезең - кабель бағыты мен конфигурациясын нақтылау үшін маңызды қадам. Каспий енді Азия мен Еуропаны байланыстыратын телекоммуникациялық көпірге айналады. Оның өткізу қабілеті - 400 Тбит/с. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Бұл - өңірдің цифрлық дамуына серпін беретін маңызды бастама,- деді «Қазақтелеком» компаниясының басшысы Бағдат Мусин. 

Айта кетейік, бұл - Каспий теңізінде салынатын алғашқы суасты байланыс желісі болғалы отыр.