Жаңалықтар

Қазақстан мен Әзербайжан дамуға ресми көмек беру саласында ынтымақтастық орнатты

Қазақстан мен Әзербайжан дамуға ресми көмек беру саласында ынтымақтастық орнатты
Фото: gov.kz 27.06.2023 03:31 945

«KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі мен «AIDA» әзербайжандық халықаралық даму агенттігі Ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оның мақсаты – жобаларды бірлесіп іске асыру, халықаралық бастамаларға қатысу, сондай-ақ дамуға ресми көмек (ДРК) саласындағы агенттіктер арасында тәжірибе мен білім алмасуды ынталандыру.

Тараптар ДРК саласындағы екі елдің ынтымақтастығы үшін үлкен әлеует бар екенін атап өтіп, бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады. Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде агенттіктер арасындағы өзара іс-қимыл туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Бакуға сапар барысында KazAID делегациясы шетелдік дипломаттарға арналған «Advanced Foreign Service Program for Foreign Diplomats» бағдарламасының жабылу салтанатына қатысты, сондай-ақ Әзербайжан сыртқы істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік мекемелерінің, елдегі БҰҰ Даму бағдарламасы өкілдерімен кездесулер өткізді. Қазақстандық оқу орындарымен ынтымақтастықты дамыту мақсатында «ADA» университетімен байланыс орнатылды.

Анықтама: «KazAID» қазақстандық халықаралық даму агенттігі – ҚР СІМ-нің ведомстволық бағынысты ұйымы, 2020 жылғы 15 желтоқсанда құрылып, ДРК саласындағы ұлттық операторы деп танылады.

«AIDA» әзербайжандық халықаралық даму агенттігі 2011 жылдың қыркүйегінде ӘР СІМ-нің жанынан құрылды. Әзербайжанның ДРК және осы саладағы халықаралық гуманитарлық көмек пен жәрдем көрсетуіне жауап береді.

«ADA» университеті ӘР СІМ-нің жанынан құрылған, оның негізгі мақсаты – Әзербайжан сыртқы саяси ведомствосында дипломатиялық қызмет үшін мамандар даярлау.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға