СІМ-нің баспасөз қызметі

Қазақстан мен Алжир арасында тиімді серіктестік мәселесі қаралды

09.08.2025 01:30

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Алжир Халық Демократиялық Республикасының елімізде жаңадан тағайындалған Елшісі Осман Михаджимен кездесті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Басқосуда тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық серіктестікті нығайту, сондай-ақ энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін қамтыған екіжақты өзара іс-қимылды талқылады. Қазақстан тарапы экономикалық байланыстардың оң серпінін, оның ішінде қазақстандық бидайды Алжирге жеткізудің басталуын атап өтіп, екі елдің мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастықтары арасындағы байланыстарды жалғастыруға қызығушылық білдірген. 

Дипломаттар саяси және іскерлік байланыстарды белсендіруге, сондай-ақ БҰҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберіндегі көпжақты алаңдарда өзара іс-қимылды тереңдетуге дайындығын растады. 

Кездесу аясында Алжир Елшісі министрдің орынбасарына сенім грамоталарының көшірмелерін табыс етті. Өз тарапынан Ә.Бақаев Елшіні құттықтап, оның дипломатиялық миссиясы Қазақстан мен Алжир арасындағы дәстүрлі достық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.