Жаңалықтар

Қазақстан мектептерінде тамақтанудың жаңа моделі әзірленді

Қазақстан мектептерінде тамақтанудың жаңа моделі әзірленді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 20.10.2023 13:07 791

Елімізде әзірленген жаңа модель мектепте тамақтану мәдениетін қалыптастырудың кезеңдік іс-шаралар кешенін қамтиды. Пилоттық жоба Астана қаласының алты мектебінде жүзеге асырылуда. Аталған модель Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Ұлттық салауатты тамақтану орталығымен бірлесіп құрылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің мәліметінше, бірінші кезеңде мектептегі тамақтануды ұйымдастыруды бағалау және талдау мақсатында балалардың мектеп асханасындағы мінез-құлқының үлгілерін байқап зерттеу, антропометриялық көрсеткіштерді өлшеу (бойы, салмағы) және дұрыс тамақтану қағидаттарын білуге сауалнама жүргізіледі.

Екіншісінде - салауатты өмір салты саласындағы білім мен тәжірибені байыту үшін жеткізушілерді, мектеп персоналын, оқушыларды және олардың ата-аналарын оқыту ұйымдастырылады.

Үшінші кезең балалардың дұрыс тамақтануына және физиологиялық қажеттіліктерін есепке алуға баса назар аудара отырып, оқушылардың тамақтануын реттейтін нормативтік-құқықтық құжаттарды үйлестіруді білдіреді.

Төртінші кезеңде балалардың денсаулығын сақтауға бағытталған мектепте тамақтанудың жаңа моделін әзірлеу көзделіп отыр. Бұл үдеріс денсаулықты сақтауға ықпал ететін білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында үйлестірілген тәсілді қамтамасыз етпек.

Соңғы кезең - енгізілген өзгерістердің мониторингі және тиімділігін бағалау.

Айта кетейік, бұған дейін министрлік тамақтануды ұйымдастырудың қауіпсіз жағдайларына әсер ететін критерийлерді зерттеген болатын. Соған сәйкес Ұлттық дәстүрлерге және өңірде өндірілетін отандық өнімдердің ассортиментіне сәйкес мәзір әзірленді.

1 қыркүйектен бастап алғаш рет 1,6 млн астам оқушы, оның ішінде 1,4 млн астам бастауыш сынып оқушысы және 220 мың ХӘОТ санатындағы 5-11 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға