Қазақстан медиасының жаңғыру жылы: Аида Балаева 2025 жылды қорытындылады
EL.KZ Информационно-познавательный портал
2025 жыл Қазақстанның медиа саласы үшін тарихи әрі мазмұнды кезең ретінде қорытындыланып отыр. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жыл соңындағы мәлімдемесінде айтты. Оның сөзінше, биыл салада жүйелі реформалар жүзеге асып, кәсіби стандарттар айтарлықтай нығайған.
2025 жыл Қазақстанның медиа саласы үшін шын мәнінде айтулы кезең болды. Себебі жүйелі реформалар жүзеге асып, кәсіби стандарттар нығайды. Мемлекеттік бастамалар, серіктестік жобалар мен салалық маңызы зор іс-шаралар бұқаралық ақпарат құралдарын қолдауға және ақпараттық контенттің сапасын арттыруға бағытталған тұрақты бағдарымызды айқындады, – деді министр.
Министрдің мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 5 мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, олардың 306-сы – шетелдік БАҚ. Ал тек 2025 жылдың өзінде 515 жаңа медиа іске қосылған.
Бұл дерек салаға деген қызығушылықтың жоғары екенін және медианарықтың белсенді түрде дамып келе жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті Аида Балаева.
Заңнама, салық және онлайн-платформалар
Ақпарат саласындағы заңнаманы жетілдіру мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі болып қала бермек. Биыл отандық баспа басылымдарын қолдауға ерекше мән берілді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жаңа Салық кодексінде отандық мерзімді баспа басылымдарына қосылған құн салығының 10 пайыздық төмендетілген мөлшерлемесі енгізілді, – деді министр.
Сонымен қатар медиакеңістіктің қарқынды дамуына байланысты онлайн-платформалар мен БАҚ-қа қатысты заң жобалары әзірленді. Бұл өзгерістер құқыққа қайшы контенттің таралуын азайтуға бағытталған.
Онлайн-платформалар әкімшіліктері мен әлеуметтік желілердегі анонимді пайдаланушылардың жауапкершілігі күшейтіледі. Сонымен қатар балаларды онлайн-платформаларда таралатын деструктивті контенттен қорғау шараларын енгізу ұсынылуда, – деді ол.
Министр алғаш рет аудиовизуалды платформалардың қызметі заңнамалық тұрғыдан реттелетінін де атап өтті.
Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыру үшін аудиовизуалды платформаларға лицензия алу міндеті белгіленеді, – деді Аида Балаева.
Телерадио хабар тарату және көрермен көрсеткіші
Цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату аясын кеңейту жұмыстары да жалғасып жатыр. Жыл соңына дейін 63 жаңа радиотелевизиялық станция іске қосылады.
Бұл ел халқының 95 пайызын цифрлық эфирлік теледидармен қамтуға мүмкіндік жасайды. Сонымен қатар шекаралас елді мекендерде 120 радиотаратқыш іске қосылуда, – деді министр.
2025 жылы теледидар көруді өлшеу жүйесі де кеңейтіліп, халқы 100 мыңнан аз елді мекендер де қамтылды.
Қазан-желтоқсан айларындағы нәтижелер бойынша елімізде теледидар көру көрсеткіші 18 пайызға артқанын көрсетті, – деді ол.
Отандық контент және халықаралық жобалар
Аида Балаеваның айтуынша, теледидар әлі де медиакеңістіктің маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.
Қазақстанда телевизиялық контент өндіру ісі толыққанды индустрияға айналды. Отандық өнімдер көрермен тарапынан жоғары сұранысқа ие болып, мазмұндық тұрғыдан да сапалы екендігін көрсетті, – деді министр.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Түркиямен бірлескен «Қайта оралған Үміт» телехикаясы аяқталды, Қытаймен алғашқы қазақстандық-қытайлық «Іледе күтемін…» сериалы түсірілді. Сондай-ақ Ресеймен бірлескен «Аллигатор» телехикаясы көрерменге жол тартты.
Euronews арнасының өңірлік өкілдігі аясында Қазақстан туралы ондаған авторлық бағдарлама эфирге шықты.
Оңтайландыру және баспа басылымдары
Министр мәлімдемесінде медиасаланы оңтайландыру шараларына да тоқталды.
«Ел арна» телеарнасының хабар таратуы тоқтатылып, «Қазконтент» құрылымы өзгертілді. Ruh.kz және Baigenews.kz ресурстарының қызметі аяқталып, негізгі күш-жігер әлеуметтік желілердегі креативті контентті дамытуға бағытталды, – деді ол.
Сондай-ақ мерзімді басылымдардың әлеуетін арттыру мақсатында «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін дербес брендтер ретінде дамыту ұсынылған.
Қорытынды және құттықтау
Сөз соңында Аида Балаева сала өкілдеріне алғыс білдіріп, журналистиканың қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті.
Бұқаралық ақпарат құралдары жүзеге асырылып жатқан өзгерістердің мәнін түсіндіріп, сындарлы қоғамдық пікірталас қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Биылғы жыл Қазақстанның медиа саласы дамып, жаңарып, әрі өзінің бірегей болмысын сақтай отырып, әлемге ашық екенін айқын көрсетті, – деп түйіндеді ол.

