Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу - жай ғана құқықтық түзетулер жиынтығы емес, мемлекеттің болашақ даму бағытын айқындайтын саяси әрі институционалдық таңдау. Мұндай шешім бір күнде қабылданбайды және тек билік институттарының еркімен шектелмейді. Ол бастаманың көтерілуінен бастап, кең сараптамалық талқылаудан, қоғамдық сүзгіден, институционалдық рәсімдерден өтіп, түпкілікті түрде халықтың тікелей шешімімен бекітілетін көпсатылы үдеріс.
Қазақстан тәжірибесі көрсеткендей, Конституцияға өзгеріс енгізу логикасы тұрақтылықты сақтай отырып, қоғамдағы өзгерістерге бейімделуге және «халық - биліктің қайнар көзі» қағидатын нақты іске асыруға негізделеді. Осы орайда Қазақстандық қоғамдық даму институты сарапшысы, саясаттанушы Риззат Тасым Қазақстан Конституциясына өзгерістер қалай енгізілетінін түсіндіріп берді.

