gov.kz

Қазақстан ирандық босқындарды қабылдауға дайын ба? СІМ жауап берді

03.03.2026 17:15

Үкімет брифингінде Ираннан келетін босқындар мәселесі көтерілді. Журналистер Сыртқы істер вице-министрі Әлібек Бақаевке «Қазақстан Иран азаматтарын қабылдауға дайын ба?» деген сауал қойды.  

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда Иранда немесе Таяу Шығыстың өзге елдерінде тұрып жатқан этникалық қазақтардан Қазақстанға көшу туралы ресми өтініш түспеген.

Ең алдымен, Иран Ислам Республикасы азаматтарына қатысты мәселені ескеру қажет. Біз өзге мемлекеттердің ішкі ісіне араласпау саясатын ұстанамыз. Теориялық тұрғыда айтсақ, егер азаматтар жүгінсе, мәселе олардың этникалық тегіне емес, азаматтығына байланысты қаралады, – деді Әлібек Бақаев.

Журналистер «мұндай азаматтарға босқын мәртебесі беріле ме?» деген сұрақ та қойды. Шенеунік бұл шешім қолданыстағы халықаралық және ұлттық хаттамалар талаптарына сәйкес қаралатынын, барлық рәсім заң аясында жүргізілетінін айтты.

Сондай-ақ «Қазақстан үлкен босқындар легін қабылдауға дайын ба?» деген сауалға жауап берген вице-министр мемлекетте тиісті механизмдер бар екенін атап өтті.

Әрине, мұндай хаттамалар бар. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шеңберінде қандай жұмыс жүргізу керегін біледі. Бірақ тағы да қайталап айтамын, қазіргі уақытта мұндай өтініш түскен жоқ, ондай дабыл жоқ. Мәселе біздің бақылауымызда, – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан мен Иран Каспий теңізі арқылы шектеседі. Алайда екі ел арасында ортақ құрлық шекарасы жоқ. Қатынас теңіз порттары және Түркіменстан арқылы өтетін теміржол бағыттары арқылы жүзеге асырылады.

Ираннан босқындар легі Армения мен Түрікменстанға бағытталуы мүмкін – сарапшы

Иранда басталған әскери қақтығыс аймақ елдеріне жаңа қауіптер төндіруі ықтимал. Мұндай пікірді ТАСС агенттігіне Арменияның ТМД-ның Терроризмге қарсы орталығындағы бұрынғы уәкілетті өкілі, армян арнайы қызметінің отставкадағы полковнигі Геворг Минасян білдірді.

Оның айтуынша, оқиғалардың осылай өрбуі, ең алдымен, босқындар ағынына әкелуі мүмкін. Әсіресе, Иранмен шекаралас Армения мен Түрікменстан алғашқы кезеңде босқындарды қабылдайтын негізгі бағыттарға айналуы ықтимал.

Бұл әскери оқиғалар аймақ елдеріне, ең алдымен ТМД мемлекеттеріне қандай қауіп төндіруі мүмкін? Меніңше, бірінші кезеңде Ираннан босқындар легі Арменияға қарай ағылуы ықтимал. Ал Әзербайжанда COVID пандемиясынан бері құрлықтағы шекаралар жабық болғандықтан, шекараны бұзып өту әрекеттері де жоққа шығарылмайды. Дәл осындай жағдай Түрікменстан шекарасында да байқалуы мүмкін. Бұл өз кезегінде аталған елдерде гуманитарлық мәселелердің туындауына әкеледі, – деді Геворг Минасян.

Сарапшының пікірінше, мұндай сценарий жүзеге асқан жағдайда ТМД елдерінің төтенше жағдайлар қызметтері өзара үйлесімді әрекет етуі тиіс. Сонымен қатар босқындарды қабылдау, орналастыру және тексеру үшін жедел штабтар құрылып, бұл іске арнайы қызметтер мен санитарлық-эпидемиологиялық орталықтар белсенді түрде тартылуы қажет.

Еске сала кетейік, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция бастағаны хабарланды. Соққылар Иранның ірі қалаларына, соның ішінде Тегеранге жасалған. Ақ үй бұл әрекетті Иран тарапынан төнген зымырандық және ядролық қауіппен байланыстырды.

Өз кезегінде Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы ауқымды жауап операциясы басталғанын мәлімдеді. Иран тарапынан зымырандар мен ұшқышсыз аппараттар ұшырылғаны айтылып, Тель-Авив маңында әуе дабылы сиренасы қосылған. Mehr агенттігінің мәліметінше, сондай-ақ Бахрейн, Катар, Кувейт және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі АҚШ әскери базасына да соққы жасалған.