Жаңалықтар

Қазақстан халықаралық конференциядағы төрағалығын қорытындылады

Қазақстан халықаралық конференциядағы төрағалығын қорытындылады
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 25.05.2024 18:49 1906

Қазақстан мен Аустралияның төрағалығымен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігінің аясында басталған Ядролық физикалық қауіпсіздік бойынша халықаралық конференциясы (ICONS-2024) өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияның министрлік сегментін ҚР Энергетика Вице-министрі Сұңғат Есімханов және Аустралия Сыртқы істер министрінің орынбасары Тим Уотсс өткізді.

Бұл беделді алаң – министрлер, аға лауазымды тұлғалар және ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы танымал сарапшылар төрт жылда бір рет әлемдегі ядролық қауіпсіздікті дамытудың болашақ перспективаларын жан-жақты талқылау, озық тәжірибелерімен алмасу және өзара тиімді халықаралық ынтымақтастық жөніндегі жоспарларды белгілеуге арналған.

Биылғы жылғы конференцияға әлемнің 130 елінен сыртқы істер, энергетика, ішкі істер министрліктерінің және басқа да бейінді ведомстволардың басшылары қатысты.

АЭХА Бас директоры Рафаэль Гросси өзінің алғы сөзінде конференцияның министрлік сегментін дайындаудың жоғары деңгейі және қорытынды құжатын әзірлеуге жұмсаған күш-жігері үшін Қазақстан мен Аустралияға алғысын білдірді. Агенттік басшысы ядролық энергияны қолданудың артықшылықтары ядролық қауіпсіздік пен қырағылықтың күшті және бейімделгіш жаһандық режиміне байланысты екендігін айтты.

Арам ниетті топтарға ядролық және радиоактивті материалдарды зиянды мақсатта пайдалануға жол берілмеуі қажет, - деп атап өтті Р.Гросси.

Конференцияны қорытындылай келе, Қазақстанның Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Мұхтар Тілеуберді конференция жұмысына белсенді және сындарлы қатысқаны үшін АЭХА мүше-мемлекеттеріне алғысын білдірді. Ол ICONS-2024 конференциясының ядролық материал мен технологиялардың заңсыз айналымының алдын алу бойынша әріптестікті кеңейту, ядролық физикалық қауіпсіздік саласындағы іргелі конвенцияларды әмбебаптандыру және Агенттіктің осы бағыттағы рөлін күшейту үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.

М.Тілеуберді Қазақстанның БҰҰ мен АЭХА Жарғысының халықаралық қағидаттарына берік ұстанымын растап, еліміздің атом энергетикасы саласындағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі күш-жігері туралы хабардар етті. Дипмиссия басшысы Қазақстандағы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі заңнамалық реформалар туралы да айтты. ICONS-2024 шеңберінде Қазақстан мен Аустралия гендерлік теңдік пен әйелдердің атом индустриясындағы рөлін ілгерілетуге арналған бірлескен сайд-ивент ұйымдастырды. «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК Басқарушы директоры Әлия Ақжолова және Ядролық физика институтының ядролық қауіпсіздік жөніндегі оқу орталығының басшысы Наталья Измайлова қазақстандық әйелдердің атом саласын дамытуға қосқан үлесімен таныстырды.

Конференцияға қатысушылар ядролық криминалистиканы дамыту туралы қазақстандық сайд-ивентке, сондай-ақ АЭХА көрме аймағындағы Қазақстанның ұлттық стендіне ерекше қызығушылығын танытты. АЭХА Ядролық физикалық қауіпсіздік департаментінің директоры Елена Буглова Қазақстанның ядролық криминалистика саласындағы өңірдегі көшбасшылық рөлін атап өтіп, Агенттіктің өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделілігін жеткізді. 

Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан мен Аустралияның тең төрағаларының бірлескен мәлімдемесі қабылданып, оған ICONS-2024 конференциясына қатысушы елдердің көпшілігі қосылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға