Жаңалықтар

Қазақстан-Германия ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды

Қазақстан-Германия ынтымақтастығының өзекті мәселелері талқыланды
Фото: СІМ-нің баспасөз қызметі 17.12.2023 05:48 1094

Қазақстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Берлинге жасаған жұмыс сапары аясында Германия Федералдық Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия, Шығыс Еуропа және Кавказ елдері бойынша уәкілі Маттиас Люттенбергпен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі СІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Өзара түсіністік пен ашық диалог рухында өткен кездесу барысында тараптар екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелердің кең ауқымын, соның ішінде ағымдағы жылы жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыру бойынша бірқатар ұсыныстарды талқылады.

Қазақстандық дипломат 2023 жылғы екіжақты қарым-қатынастардың даму динамикасын жоғары бағалады: «Екі ел президенттері Франк-Вальтер Штайнмайердың Қазақстанға және Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға өзара сапарлары, сондай-ақ елдеріміздің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары – Мұрат Нұртілеу мен Анналена Бербоктың келіссөздері саяси диалогтың дамуына елеулі серпін берді».

М.Люттенберг өз кезегінде Қазақстан мен Германия ынтымақтастығын оң бағалап, Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Германия Федералдық канцлері қабылдаған Бірлескен мәлімдемесі аясында стратегиялық өңірлік әріптестікті нығайту бойынша жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Келіссөздер барысында климаттың өзгеруі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сұхбаттасушылар қазіргі таңда бүкіл аймаққа кері әсерін тигізетін экологиялық жағдайдың нашарлауына, су ресурстары тапшылығының күшеюіне және құрғақшылыққа байланысты Орталық Азия аймағындағы климаттық күн тәртібінің ерекше өзектілігімен келісті.

Р.Василенко неміс серіктестеріне Төмен көміртекті даму стратегиясы аясындағы қабылданған ұлттық міндеттемелерді жаңартылуы, Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу және биоәртүрлілікті сақтау мақсатында елді көміртексіздендіру туралы хабарлады. Жақында БАӘ-де аяқталған
COP-28 Дүниежүзілік климаттық саммит барысында Қазақстан метан шығарындыларын азайту бойынша Жаһандық міндеттемеге қосылғанын жеткізді.

Мемлекет басшысының Орталық Азия елдері үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Жобалық кеңсесін құру және 2026 жылы Қазақстанда БҰҰ аясында аймақтық климаттық саммит өткізу жөніндегі бастамалары туралы ақпаратты неміс тарапы қызығушылықпен қабылдады.

М.Люттенбергтің айтуынша, Федералдық канцлер Олаф Шольцтың шақыруымен Қазақстанның Климаттық клубқа қосылуы екі ел арасындағы осы бағыттағы ынтымақтастықты дамытудың оң үлгісінің көрсеткіші. Тараптар Германияның «Жасыл Орталық Азия» бастамасы аясындағы бірқатар бірлескен экологиялық жобаларға оң баға берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға