Жаңалықтар

Қазақстан Францияда өтетін Мал шаруашылығы саммитіне қатысады

Қазақстан Францияда өтетін Мал шаруашылығы саммитіне қатысады
Фото: ©El.kz/Ғазиз ШАКИРОВ 19.07.2024 03:31 557

33-ші Мал шаруашылығы саммиті Францияның Клермон-Ферран қаласында 2024 жылғы 1-4 қазан аралығында өтеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығының мәліметінше, орнықты мал шаруашылығына арналған ауқымды іс-шара өз алаңында ауыл шаруашылығы техникасын, жабдықтарын, мал шаруашылығы мен жануарларды күтуге арналған тауарларды, биоэнергетиканы өндірушілерді жинайды.

Қазақстан саммиттің құрметті қонағы болады. Біздің еліміздің халықаралық көрмеге қатысуы алдыңғы қатарлы жұмыстармен танысудың, жетекші компаниялармен ынтымақтастықты кеңейтудің, сондай-ақ жаңа байланыстар орнатудың бірегей мүмкіндігі болып саналады, - делінген мәліметте.

Іс-шара аясында 70 тұқым түрінен 2000 жануар мен 1650 экспонент ұсынылады.

Халықаралық форум бағдарламасына 400 жануар арасында ірі қара мал тұқымының Салерс ұлттық конкурсы, 3 елдің 56 жануары арасында Симменталь ірі қара мал тұқымының еуропалық байқауы, «Алтын Саммит» инновациялар конкурсы, «Алтын Фермер» фермерлік өнімдер сайысы, агроиндустрияның ең өзекті мәселелеріне арналған 130-дан астам конференция кіреді.

Саммитке 35 елден 300-ге жуық шетелдік компания, барлығы 120 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Көрме павильондарының жалпы ауданы шамамен 97 мың шаршы метрді құрайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға