Жаңалықтар

Қазақстан елшісі Грузия президентіне сенім грамоталарын тапсырды

Сондай-ақ дипломат саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырды
Қазақстан елшісі Грузия президентіне сенім грамоталарын тапсырды
Фото: Сыртқы істер министрлігі 18.01.2023 02:45 990

Қазақстанның елшісі Мәлік Мырзалин Орбелиани сарайында Грузия президенті Саломе Зурабишвилиге сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды El.kz Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

Кездесу барысында елші Грузия Президентіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Қазақстан Грузиямен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, оның ішінде сауда-экономикалық және көліктік-логистикалық өзара іс-қимылды жандандыруға зор мән беріп отырғанын хабарлады.

Өз кезегінде грузин президенті Қазақстан Грузияның маңызды және сенімді серіктесі екендігін, сондықтан Тбилиси біздің елмен тығыз және жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.

Қазақстандық дипломат Грузия басшысын елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырды.

Президент С. Зурабишвили Қазақстан Президентінің бастамашылығымен жүргізіліп жатқан оң өзгерістерге жоғары баға берді.

Сұхбат барысында барлық өзара тиімді салаларда екіжақты байланыстарды одан әрі жан-жақты кеңейтуге және тереңдетуге деген ортақ мүдделілік атап өтілді.

Кездесудің соңында Грузия Президенті Қазақстан Елшісін ресми қызметке кірісуімен құттықтап, қазақстандық-грузин қатынастарын одан әрі нығайту жолындағы жұмысына табыс тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға