Жаңалықтар

Қазақстан Елшісі Болгария Президентіне сенім грамоталарын табыстады

Қазақстан Елшісі Болгария Президентіне сенім грамоталарын табыстады
Фото: gov.kz 27.01.2023 13:31 962

Қазақстан Елшісі Виктор Темірбаев Болгария Президенті Румен Радевке сенім грамоталарын табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық қызметі СІМ  ресми сайтына сілтеме жасап.

Сенім грамоталарын табыстау рәсімінен кейін өткен кездесу барысында Елші Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебіздері мен ізгі тілектерін жеткізіп, Астана екі ел арасындағы қатынастарды нығайтуға, оның ішінде саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және транзит-көліктік өзара әрекеттесуді жандандыруға ерекше мән беретінін хабарлады. Қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістермен таныстырды.

Өз кезегінде Р. Радев Қазақстан Болгарияның Орталық Азиядағы ең маңызды және негізгі әріптесі болып табылатынын, сондай-ақ елімізбен өзара қызығушылық тудыратын салаларда ынтымақтастықты дамытуға және тереңдетуге дайын екенін хабарлады. Сондай-ақ, Қазақстан Елшісін ресми қызметке кірісуімен құттықтап, Қазақстан-Болгария қатынастарын нығайту жолындағы жұмысына табыс тіледі.

Қалыптасқан протоколдық практикаға сәйкес, Болгария Президентіне сенім грамоталарын тапсырғаннан кейін Елші В. Темірбаев Софиядағы Белгісіз сарбаз ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға