Қазақстан экономикасы: жарты жылдағы нәтиже қандай?
2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан экономикасы 6%-ға өсіп, соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл серпінді өсімге өнеркәсіп, құрылыс, көлік және цифрландыру бағыттарындағы мемлекеттік бастамалар айтарлықтай ықпал еткен.
Алайда инфляцияның үдеуі мен жеке сектор белсенділігінің жеткіліксіздігі экономиканың ұзақмерзімді тұрақтылығына қауіп төндіріп отыр. Бұл туралы El.kz порталына пікір білдірген экономист-аналитик Ернар Серік қазіргі өсімді кең ауқымды әрі серпінді деп бағалап, оның негізінде мемлекеттік инвестициялар тұрғанын атап өтті.
ЖІӨ өсімі: соңғы онжылдықтағы рекорд
2025 жылдың қаңтар–мамыр айлары аралығында Қазақстан экономикасы жоғары қарқынмен дамып, ішкі жалпы өнім (ЖІӨ) көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға артты. Бұл – 2010 жылдардан бергі ең жоғары көрсеткіштердің бірі.
Экономист-аналитик Ернар Серіктің айтуынша, өсімнің кең ауқымды болуы – негізгі салалардағы өндірістің артуымен тікелей байланысты.
Мәселен, өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға ұлғайған. Өңдеу өнеркәсібінде айтарлықтай алға жылжу байқалады: Жамбыл облысында кен өндіру, тыңайтқыш, цемент және қант өндірісінің өсімі арқасында бұл салада 22,9% рекордтық көрсеткіш тіркелген. Сондай-ақ Түркістан мен Жетісу облыстарында – 14,8%, Алматы қаласында – 14,1%, ал Шымкентте – 18,9% өсім байқалған, – дейді сарапшы.
Сол сияқты, құрылыста да «бум» байқалып, бұл секторда өндіріс көлемі 15,4%-ға артқан. Бірқатар өңірлерде ірі инфрақұрылым жобаларының жүзеге асуы арқасында өсім екі есеге дейін жеткен. Жыл басынан бері елімізде 6 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп, халықтың өмір сүру жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосқан.
Көлік және ішкі сауда: сұраныс пен инфрақұрылым қатар өсуде
Көлік секторы 23,1%-дық өсіммен көш бастап тұр. Бұл – логистикалық инфрақұрылымның жаңаруы мен нарықтағы сұраныстың артуының нәтижесі. Ішкі сауда айналымы да 7,8%-ға кеңейіп, тұтыну белсенділігінің жандана бастағанын көрсетіп отыр.
Ал байланыс және телекоммуникация саласы 2,8% өсіммен салыстырмалы түрде тұрақты қарқын сақтаған. Жалпы, экономикадағы өсім жан-жақты әрі тұрақты сипатта болды деуге негіз бар, – дейді Ернар Серік.
Инвестициялар көлемі
Сарапшының айтуынша, экономикалық өрлеуге ішкі инвестициялар да айтарлықтай әсер еткен. Биылғы бес айдың ішінде инвестициялар көлемі 18,2%-ға артқан. Бұл жаңа өндіріс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және экономикалық белсенділікті күшейтуге бағытталған қаражат көлемінің көбейгенін аңғартады.
Алайда, бұл өсімнің негізгі көзі – мемлекеттік бюджет есебінен құйылған инвестициялар. 2024 жылмен салыстырғанда бюджет қаржысы екі есеге жуық артқан. Бұл жекеменшік сектордың әлі де жеткілікті белсенділік танытпай отырғанын және экономиканың көп жағдайда мемлекеттік қолдауға тәуелді екенін көрсетеді. Экономикалық өсімге ішкі инвестициялардың да үлесі зор болды. Инвестициялар көлемі 5 айда де 18,2%-ға артқан, бұл жаңа өндіріс орындарын ашуға және инфрақұрылымды жақсартуға құйылған қаражаттың көбейгенін аңғартады, – деді.
Инфляция және әлеуметтік қысым
Экономикалық өрлеуге қарамастан, инфляцияның жоғары деңгейі ел тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатына кері әсер етіп отыр. 2025 жылдың мамырында жылдық инфляция 11,3%-ға жетіп, сәуірдегі 10,7% көрсеткішінен жоғарылады.
Әсіресе, қызмет көрсету саласындағы баға өсімі (жылына +16%) жалпы инфляцияны үстемелеп отыр. Бағаның өсуі халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, әлеуметтік жағдайға қысым түсіруде. Жалпы алғанда, 2025 жылдың басындағы экономикалық өсім кең ауқымды әрі серпінді болды. Алайда бұл өсімнің көп бөлігі мемлекеттік бюджеттен тікелей қаржыландырылған инфрақұрылым мен мемлекеттік жобаларға негізделіп отыр, – дейді сарапшы Ернар Серік.
Инфляцияның қайта үдеуі (мамырда 11,3%) және жекеменшік инвестициялардың салыстырмалы баяулығы экономиканың әлі де тепе-тең жағдайда еместігін көрсетеді.
Сондықтан қазіргі негізгі тәуекел – бұл бюджет есебінен қарқын алған өсімнің ұзақ мерзімді тұрақты даму траекториясына ұласпай қалу қаупі, – деп атап өтті экономист-аналитик.
Президент тапсырмалары мен құрылымдық реформалар
2025 жылы жаңа салық және бюджет кодекстері қабылданады. Жаңа саясаттың мақсаты – салық әділеттілігін арттыру, ЖІӨ-дегі салық түсімінің үлесін 25%-ға жеткізу.
Салық саясатын жетілдіру – негізгі бағыттардың бірі. Президент Тоқаев 2025 жылы жаңа Салық және Бюджет кодекстерін қабылдауды тапсырды. Қазір жаңа салық жүйесі жобасы қаралып жатыр. Мақсат – салық әділеттілігін арттырып, ЖІӨ-дегі салық үлесін 25%-ға жеткізу. Бұл үшін цифрлық әкімшілендіру, көлеңкелі экономиканы азайту және сән-салтанат салығы сияқты тетіктер енгізілуде. Сонымен қатар, Ұлттық қордан трансферттерді шектеу бойынша фискалдық тәртіп енгізілді, бірақ 2025 жылы әлі де 5,3 трлн теңге тарту жоспарланған, – деді.
Сарапшы Ұлттық қор мәселесі өзекті күйінде қалып отырғанын жеткізді.
Президент бұрын трансферттерді шектеу, қаражатты ұрпақ игілігі үшін сақтау керектігін айтқанымен, 2025 жылы Ұлттық қордан 5,3 трлн теңге алу жоспарланған. Бұл белгіленген 2 трлн теңгелік кепілдендірілген шектеуден едәуір көп. Яғни, бұрынғыдан айырмашылығы – трансферттің атауы өзгергенімен, Ұлттық қор қаражатына арқа сүйеу жалғасып жатыр», – дейді Ернар Серік.
Квазимемлекеттік секторды реформалау
«Самұрық-Қазына» қорына кіретін компаниялардың құрылымы ықшамдалды. Жүздеген актив жекешелендіріліп, ҚТЖ, QazaqGaz және Самұрық-Энерго сияқты ірі ойыншылар IPO-ға шығарылуы тиіс.
2025 жылы ҚТЖ, QazaqGaz және Самұрық-Энерго IPO өткізуі тиіс. Алайда кейбір активтер әлі дайын емес, сондықтан мерзім шегерілуі мүмкін. Дегенмен, жалпы бағыт орындалуда – мемлекет үлесі қысқарып, халық ұлттық байлыққа қатыса бастады, – дейді экономист-аналитик.
Ауыл шаруашылығы және субсидиялар
Субсидиялау жүйесі толық автоматтандырылып, Qoldau платформасы арқылы бақыланып отыр. Бұл фермерлерге ашықтық пен әділеттілік әкелді. Мақсат – тиімді субсидиялау арқылы агросекторды нарықтық негізде дамыту.
Бұл – жемқорлықты азайтып, шын мұқтаж фермерлерді қолдауға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, өнеркәсіп пен энергетика салаларында тиімсіз субсидияларды қысқарту мен нарықтық тарифтерге көшу жоспарлануда, – деді.
Цифрландыру және инновациялар
Цифрландыру саласы айтарлықтай жетістікке жетті. 2024 жылы Қазақстан БҰҰ e-Gov индексінде 24 орынға көтерілді, мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн қолжетімді. 2025 жылдың алғашқы жартысында 23 млн-нан астам қызмет көрсетілді.
Astana Hub-та 1300-ден аса стартап жұмыс істеп, 2024 жылы $250 млн инвестиция тартты дейді. Ауылдарға интернет тарту және AI-суперкомпьютер іске қосу бұл цифрлық экономиканың келешегін айқындайтын маңызды қадамдар, – дейді экономист-аналитик.
Сарапшы Ернар Серіктің бағалауынша, 2025 жылдың алғашқы бес айындағы экономикалық көрсеткіштер – даму әлеуеті зор, қалыптасқан тәуекелдер де жеткілікті.
Қорытындылай келе, құрылымдық реформалар бағытынан жаңылған жоқпыз. Салық жүйесін жаңарту, квазимемлекеттік секторды ықшамдау, субсидияны реформалау және цифрлық экономиканы дамыту қарқынды жүріп жатыр. Бірақ Ұлттық қорға деген тәуелділік әлі де жоғары. Егер трансферттер көлемі қысқармаса, экономиканың «бюджеттік инерцияға» немесе «инеге» отыру қаупі бар. Менің ойымша, ендігі негізгі сын осы реформаларды нақты қаржылық тәртіппен ұштастыру, – деді экономист-аналитик Ернар Серік.

