Жаңалықтар

Қазақстан дүниежүзі бойынша бензин бағасы ең төмен елдердің қатарында

Қазақстан дүниежүзі бойынша бензин бағасы ең төмен елдердің қатарында
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 20.10.2023 17:13 1038

Қазақстан дүниежүзі бойынша бензин бағасы ең төмен 5 елдің қатарына енді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Energyprom сайтының мәліметінше, биыл 13 қазанның көрсеткіштеріне сүйенсек, әлемдегі ең арзан бензин Мысырда: 1 литрі 0,32 АҚШ доллары тұрады. Мысырдан кейін бензин бағасы ең төмен елдердің қатарына Алжир (0,32 доллар) мен Кувейт (0,34 доллар) кіреді. 

Қазақстан бензин арзандығы бойынша көрсеткіште бесінші орында. Жанармайдың 1 литрі 0,46 АҚШ долларын құрады. 
ТМД елдерінің ішінде Қазақстандағы бензин бағасы ең төмен болып саналады. Ресей бұл көрсеткіш бойынша жетінші орында: бензиннің 1 литрі 0,53 АҚШ долларын тұрады. 

Әзербайжанда бір литр бензиннің бағасы 0,62 доллар, Беларусьте — 0,75 доллар, Өзбекстанда — 0,89 доллар, Арменияда — 1,2 доллар, Украинада — 1,44 доллар тұрады. 

Ал бензин ең қымбат елдерге келсек, Гонконгта (Қытай) бұл көрсеткіш — 2,88 АҚШ долларды құрады, Финляндияда бензин — 2,23 доллар, Грецияда — 2,14 доллар. 
2023 жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 3,4 млн тонна бензин өндірілген, бір жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырсақ, бұл 5,4 пайызға артық. 

Өңірлер бойынша көрсеткіштерге сәйкес, әдеттегідей ең көп бензин өндірген өңір — Шымкент: 1,3 млн тонна, бір жыл ішінде өндіру көрсеткіші минус 8,2 пайызға төмендеген. Одан кейін ең көп бензин өндірген өңірлердің қатарына Атырау (1,2 млн тонна, өндіру көрсеткіші плюс 30,4 пайызға жоғарылаған) мен Павлодар (980,4 мың тонна, өндіру көрсеткіші плюс 0,6 пайызға өскен) облыстары кірген. 

Жалпы, 2022 жылы елімізде өндірілген бензин мөлшері 5 млн тоннаны құрады, бұл 2021 жылдағы көрсеткіштермен салыстырғанда 3,1 пайызға көп. 

Сондай-ақ биыл қыркүйек-тамыз айларындағы көрсеткіштер бойынша бензин бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 13,4 пайызға өскен. Дәлірек айтсақ, АИ-98 – 11,7 пайызға, АИ-92 – 12,8 пайызға, АИ-95/АИ-96 – 16,8 пайызға қымбаттаған. 
Ал АИ-92 бір литрі – 203 теңге тұрады, АИ-95/АИ-96 бағасы – 249 теңгені, АИ-98 – 261 теңгені құрады. 
Өңірлер бойынша Алматыдағы бензин бағасы тұрғындар үшін қымбаттап кеткен: өткен жылдың қыркүйек айындағы көрсеткіштермен салыстырғанда 15 пайызға дейін жоғарылаған. Одан кейін өңірлер бойынша ең қымбат бензин Алматы (14,4 пайызға дейін көтерілген) мен Қарағанды (14,3 пайызға дейін көтерілген) облыстарында тіркелген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға