TikTok

«QAZAQSTAN» челленджіне қазақстандық белсенді жастар үн қосты

27.08.2025 18:43

Instagram және TikTok әлеуметтік желілерінде «QAZAQSTAN» атауымен басталған патриоттық челлендж жалғасып жатыр. Акцияға үн қосқандар қатарында танымал өнер, мәдениет, спорт және қоғам қайраткерлері бар. Бұл жолы олардың қатары белсенді жастармен толықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің қазақша үндеу жасауы – желіде кеңінен қолдау тапқан. Олар мемлекеттік тілде өлең оқып, замандастарын елді сүюге, тазалық сақтауға, білім мен ғылымға ұмтылуға үгіттеп жатыр. Сондай-ақ, жасанды интеллект арқылы анимациялық ролик жасаған жастар да челленджге өз үлесін қосқан.

Есте болса, бұған дейін «QAZAQSTAN» челленджіне футбол аңызы Самат Смақов, тележүргізушілер Динара Сәтжан мен Айгерім Есенәлі, кино жұлдыздары Кумар Лукманов, Шынар Жанысбекова, Саят Мерекеұлы және Динара Егеубаевалар атсалысқан болатын.

Айта кетейік, әлеуметтік желідегі патриоттық челлендждер жыл сайын Республика күні және Тәуелсіздік күні мерекелері қарсаңында өткізіліп отырады. Оның басты мақсаты – қазақстандықтарды патриоттыққа үгіттеу.