KTZH.KZ

Қазақстан биыл 2 миллион тонна жаңа астық экспорттады

Қазақстан жаңа өнімді астықтың экспорт көлемін айтарлықтай ұлғайтты. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының деректері бойынша, 2025 жылдың қыркүйек-қазан айлары аралығында елден шамамен 2 миллион тонна жаңа астық сыртқа жөнелтілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 200 мың тоннаға артық. 2024 жылы аталған уақытта 1,8 миллион тонна астық экспортталған болатын. Сарапшылардың пікірінше, бұл өсім елдің агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігінің артқанын және экспорттық бағыттардың тұрақтылығын айғақтайды.

Қазақстандық астыққа сұраныс көршілес елдерде де артып келеді. Мәселен:

  • Өзбекстанға жөнелтілім көлемі 42%-ға өсіп, 738 мың тоннадан 1 049 мың тоннаға дейін жетті;
  • Қырғызстанға экспорт 2,6 есеге ұлғайып, 24 мыңнан 64 мың тоннаға дейін артты;
  • Әзербайжанға жеткізілім көлемі 3,1 есеге (18 мыңнан 56 мың тоннаға дейін) көбейді;
  • Ауғанстанға экспорт 42,5%-ға (73 мыңнан 104 мың тоннаға дейін) ұлғайды;
  • Түрікменстанға жөнелтілім 2,3 есеге өсіп, 7 мың тоннаға дейін жетті.

Мамандардың айтуынша, мұндай оң серпін логистикалық бағыттардың тиімді ұйымдастырылуы мен халықаралық серіктестік байланыстардың нығаюының нәтижесі болып отыр.

Астық экспортының көлемі ұлғаюы Қазақстанның халықаралық нарықтағы беделінің өсіп келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, бұл ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігінің артуына дәлел бола алады.

Агросала сарапшыларының пікірінше, соңғы жылдары ауыл шаруашылығында заманауи технологиялар мен жаңа агротехникалық тәсілдерді қолдану өнімділікті арттырған.

Айта кетсек, елімізде егін жинау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қолайлы ауа райы мен техникалық мүмкіндіктердің артуы биылғы науқанның нәтижелі болуына ықпал етті. Көптеген өңірлерде дәнді дақылдардың шығымы өткен жылмен салыстырғанда жоғары.