Қазақстан – бірегей мүмкіндіктері бар табиғи ресурстарға бай ел – Германия өкілі
Германияның Экономика және климатты қорғау министрлігінің тарихи ғимаратында Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестіктің стратегиялық маңыздылығын көрсететін сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобының (ҮЖТ) 14-отырысы өткізілді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан делегациясын өнеркәсіп және құрылыс министрі – ҮЖТ қазақстандық тарапының тең төрағасы Қанат Шарлапаев бастап барды, неміс тарапынан ФГР Экономикалық істер және климатты қорғау федералды министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат жөніндегі директоры – Доминик Шнихельс қатысып, негізгі салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен қызығушылық танытатынын растады.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, ҮЖТ отырысы Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бетін ашатын, екі мемлекеттің экономикалық және инвестициялық әрекеттестігін көбейтуге дайындығын растайтын алаң болды.
Екіжақты ынтымақтастықты үйлестірудің негізгі тетігі ретінде Үкіметаралық жұмыс тобыболашақта нақты экономикалық жобаларды жүзеге асыруға негіз қалап, үкіметаралық деңгейде әріптестікті нығайтудағы тиімділігін тағы да дәлелдеді. ҮЖТ-ның кеңейтілген отырысы энергетикадан бастап көлік пен логистикаға дейінгі тақырыптардың кең ауқымын қамтып, шикізат, өнеркәсіптік, технологиялық, су және ауыл шаруашылығы салаларындағы серіктестік туралы Келісімді жүзеге асыруға назар аударды. Тараптарқазіргі экономикалық жағдайды және жаһандық экономиканың келешегін талқылап, Қазақстанның Еуропалық одақтағы Германияның жетекші стратегиялық серіктесі ретіндегі рөлін атап өтті.
Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХТБ немесе орта дәліз) дамыту Қазақстан үшін Еуропаға энергоресурстар мен стратегиялық тауарларды сенімді тасымалдаушы ретінде үлкен маңызға ие. Германиямен ынтымақтастықтың стратегиялық бағыттарының бірі – Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін нығайту. Біздің Ел үшін Германия өндірістік держава ретінде ең қолайлы серіктес болып табылады. Қазақстан Үкіметінің алдында ірі жеке инвестицияларды тарту, бизнес үшін институционалдық тартымды ортаны құру және заңнамалық реттеуді үйлестіру міндеті тұр, – деді министр Қанат Шарлапаев.
Қазақстан мен Германияның стратегиялық синергизмі, энергия тасымалдау маршруттарымен қоса, құрлықаралық көлік маршруттарының қиылысындағы ыңғайлы географиялық орналасуы Республикамыздың өңірлік инвестициялық хабжәне әлемдік энергетикалық алаңындағы негізгі ойыншы ретіндегі мәртебесін күшейтеді.
Бұл тұрғыда Германияның ғылым және саясат қоры (SWP) алғаш рет Қазақстанды, яғни әлемдік саяси және экономикалық аренада маңызды рөл атқаратын мемлекеттерді білдіретін «Орта державалар» қатарына қойғанын атап өткен жөн (мұндай елдердің саны небәрі 12).
Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық әріптестік деңгейін тағы да растау мақсатында үкіметаралық жұмыс тобының бүгінгі отырысында басым бағыттардағы іске асырылатын жобаларды айқындауға мүмкіндік беретін жемісті келіссөздер жүргізілді. Бүгінгі келісімдеріміз – осындай екіжақты алаң, үкіметтік және іскер топтарды жақындастыруға, негіздемелік жағдайларын жақсартуға әрі өзара сауда мен инвестицияларды дамытуға көмектесуге үлес қосатындығының анық айғағы. Қазақстан – бірегей мүмкіндіктері бар табиғи ресурстарға бай ел. Германия елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық және әлеуметтік реформалар аясында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі, – деді неміс делегациясының басшысы, Германия тарапынан тең төраға Доминик Шнихельс.
Қазақстандық делегация неміс әріптестерін экономиканы әртараптандыруға, жаңа бірлескен өндірістер ашуға, Германияның энергетикалық, азық-түлік және шикізат қауіпсіздігін нығайтуға, озық неміс технологияларын енгізуге және өзара тауар айналымын ұлғайтуға бағытталған жобаларды іске асыруға шақырды.