Қазақстан Беларусь елімен өнеркәсіп кооперациясын нығайтуға дайын
ТМД Үкімет басшылары кеңесінің Астанадағы кезекті отырысы қарсаңында Қазақстан Үкіметінің басшысы Әлихан Смайылов Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченкомен кездесті, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Жалпы, өткен жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы 20% артты.
«Қазіргі таңда біз әртүрлі салаларда шикізаттық емес тауарлардың 105 түрін жеткізу мәселесін бірлесіп пысықтауға дайынбыз», — деді Әлихан Смайылов.
Екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – өнеркәсіп кооперациясы. Бүгінгі таңда 1,5 мың жұмыс орнын құра отырып, бірлескен 7 жоба іске қосылды, тағы 2 жоба іске асыру сатысында.
Өз кезегінде Роман Головченко ауыл шаруашылығында, атап айтқанда, Қазақстанда Беларусь технологиялары бойынша тауарлы сүт кешендерінде бірлескен жобаларды іске қосудың перспективаларын атап өтті.
Жалпы, Беларусь Премьер-Министрі екіжақты қатынастардың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды мақсатты түрде нығайтуға дайын екенін айтты.