«Қазақстан Барысы»

«Қазақстан Барысы» неге елді бұрынғыдай еліктірмейді?

27.01.2026 14:14

«Қазақстан Барысы» – тек спорттық жарыс емес, ұлттық рухтың символына айналған жоба. Бұл турнир миллиондаған көрерменді экранға телміртіп, балуандық өнердің беделін жаңа деңгейге шығарды. Алайда осыдан 14 жыл бұрын бастау алған «Қазақстан Барысы» алғашқы миссиясын толық орындай алды ма? Төл өнерді насихаттаған турнирдің танымалдығы соңғы жылдары бәсеңсіп қалмады ма?

Боз кілемнен рухани миссияға дейін

Рухты асқақтататын, делебені қоздыратын «Қазақстан Барысы» Есей Жеңісұлы үшін де ерекше жоба. Себебі ол бұл доданы спорт комментаторы ретінде 11 жыл бойы тұрақты жүргізіп келеді.

«Қазақстан Барысы» жобасы қазақ күресіндегі біраз өзгерістің басы болды. Солардың бірі, төл спортымызға арналған шағын ұйымдардың федерация болып бірігуі болды. «Қазақстан Барысы» қазақ күресін дамыту қоры» атты қоғамдық қордың да ашылуы оң нәтижеге бастау бола алды. Уақыт өте келе жобаның ауқымы өсіп, «Әлем Барысы», «Әскер Барысы» атты балуандар белдесетін бәйгелер қосылды. Тіпті қазір жабық ғимараттар ішінде өтетін Азия ойындарының қатарына қосылды. Бұл қазақ күресінің әлемге танылу ауқымы кеңейіп келе жатыр деген сөз, - дейді Есей Жеңісұлы.

«Қазақстан Барысы»

Сын сағатта өз мықтылығын дәлелдеп, қарсыласын жығуға барынша тырысатын әр балуан боз кілемдегі сайыстан соң танымалдыққа ие болып, жанкүйерлер қошеметіне бөленері анық. «Бірақ соңғы жылдары алғашқы кездегідей жанашырлық пен көрермен ықыласы жетпей жатыр», - дейді Есей мырза:

Алғашқы уақыттарда халықтың ықыласы өте жақсы болды. Зал толып, балуандарға керемет қолдау көрсетілетін. Ал қазір қолдау қатты байқалмайды. Теледидардан қаншалықты тамашалайтынын білмеймін, бірақ алғашқы жалын басылып қалғаны сезіледі.

«Қазақстан Барысы»

Жас ұрпақты қазақ күресіне қызықтырудың жарнамасы жеткіліксіз болғаннан ба, әлде арнайы қадамдары толық басылмағаннан ба, балуандардың осы жылғы байрақты бәйгесін тамашалауға келгендерің де көбі орта жастан асқаны байқалды. Күрестен халықаралық деңгейдегі төреші, әрі бапкер Шыңғыс Тұрсынов «Қазақстан Барысының» қазіргі деңгейі туралы былай деді:

Күреспен айналысып жүргеніме 40 жылдай уақыт болды. Бұл жобаның басы-қасында құрылғаннан бері жүрміз. Өзімнің ұлым Мұхит Тұрсынов 2014 жылғы «Қазақстан Барысы», шәкіртім Айбек Нұғымаров 2013, 2015 жылдары жеңімпаз болды. Бастапқы бес жылда қазақ халқының қолдауы жақсы болып, барлығы жақсы көрді. Өңірлерден жанкүйерлер ағылып келіп жатты. Қазір ондай қошемет жоқ десе де болады. Тек біз сияқты бапкерлер, спорттың айналасында жүрген адамдар ғана келеді.

Бапкердің айтуынша, дүбірлі додаға қатысатын спортшылардың деңгейі өсуде. Оған чемпиондарға өз атақтарын қорғап қалу қиынға соғып жатқаны дәлел.

«Қазақстан Барысы»

Арман Шораев балуандар додасының өткені мен бүгінін жақсы біледі. Себебі ол жобаның алғашқы жетекшілерінің бірі болған еді.

Өзім бұл істің басынан кеткеніме 6 жылдан асты. Жобаның жарнамасы жеткіліксіз болғандықтан да жастар арасында бұрынғыдай дәріптелмей жатқаны рас. Алғашқы қарқын қазір сезілмесе де, жылда осыны ұйымдастырып жүрген жандардың еңбегіне рақмет, - деп пікірін білдірді.

«Қазақстан Барысы»

Боз кілемде күш сынасқан балуандардың ішінде жеңіс «Найман» лақап атымен танылған Марат Байқамыровқа бұйырды. Бұған дейін «Әскер Барысы» атанған ол қарсыласын ақтық белдесудің екінші минутында жықты.

Ал былтыр «Қазақстан Барысы» атанған Ерасыл Қажыбаев биыл күміс белбеуді місе тұтты. Қола жүлде Дүниежүзілік көшпенділер ойынының чемпионы Нұрдәулет Жарлығаповқа бұйырды. Жалпы жүлде қоры 27 млн теңгені құрады. 

«Қазақстан Барысы»

«Қазақстан Барысы» жобасының алғашқы мақсаты қазақ күресін дамыту және жас ұрпаққа дәріптеу болды. Бұл дода қазір қазақ күресінің беделін жаңа деңгейге көтеріп, төл спортымыздың әлемдік аренада танылуына үлкен серпін беруде. Алайда «Қазақстан Барысы» тек боз кілемдегі белдесу емес, рухани азық екенін ұмытпау қажет. Ұлттық спортымыздың тағдыры тек балуандардың қолында емес, халықтың назарында, спортқа шын жанашыр жас буынның көбеюінде. 

Авторы: Жансая Нұрғалиқызы