ҚР дзюдо федерациясы

Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі: Соңғы жарыс күнінде қазақстандық қанша балуан күреседі

11.05.2025 08:34

Бүгін Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирінің соңғы жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрамасынан 13 балуан татамиге шығады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ерлер арасында -90 келі Аян Байғазы алғашқы айналымда Тайпей балуанымен күрессе, Айдар Арапов Моңғолия өкілімен, ал Құдырет Досымов Сербия спортшысымен өзара мықтыны анықтайды.

-100 келіде Бейбіт Мадеев түрікменстандық татами шеберімен, Бағжан Байтас тәжік балуанымен сынға түспек. Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық балуан Марат Байкамуров болгар балуанымен белдеседі.

+100 келіде Еламан Ерғалиев алғашқы айналымда бос. Ол жарысты екінші айналымда бастап, Польша балуанымен күреседі. Мәди Еділбаевтың қарсыласы Тайпей балуаны болғалы отыр. Ал Жамбыл Тұрғынәлиев екінші айналымда грузин балуанымен кездеседі. Биыл Баку Гранд Слэмінде қола жүлде алған Ерасыл Қажыбаев Бельгия және Өзбекстан балуандарының жұбымен қарсылас болады.

Әйелдер арасында -78 келіде Назерке Тілеуханова Франция балуаны Кайла Иссоуфимен күреседі. Зәмзагүл Файзолланова екінші айналымнан жарысты бастап, германиялық Жюли Герхёльтерхоффпен шеберлік байқасады.

+78 келіде Ақерке Рамазанова сербиялық Милика Забичпен күреспек. Толқын Тұрсынақынова жапон қызы Рури Такахашидің шамасын байқап көреді.

Биыл бұл бәсекеге әлемнің 46 елінен үздік шыққан 358 спортшы қатысатыны айтылған еді. 

Бұған дейін қазақстандық дзюдошылар арасынан Ғұсман Қырғызбаев (-66 келі) пен Талғат Орынбасар (-60 келі) күміс, ал Мағжан Шамшадин (-60 келі), Аман Бақытжан (-60 келі), Есет Қуанов (-73 келі) және Абылайхан Жұбаназар (-81 келі) қола жүлде иеленді.