Қазақстан азаматтары эвакуациялана ма? СІМ Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығыс туралы айтты
Үндістан мен Пәкістан әлі күнге дейін бір-бірінің шекарасына соққы жасауды жалғастырып жатыр. Мұндай екі ел арасындағы қақтығыс Қазақстанға қандай қауіп төндіруі мүмкін? Бұл сұраққа ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Сенат брифингінде жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақан Рахметуллиннің айтуынша, Қазақстан бұл қақтығысқа алаңдаушылықпен қарап отыр.
Үндістан мен Пәкістан арасындағы қақтығысқа алаңдатушылық білдіреміз. Бұл жағдайдың әрі қарай қалай жалғасатынын болжау қиын. Дегенмен мұндай қақтығыс бейбітшілікпен аяқталады деп үміттенеміз, – деді ол.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары аталған екі елде де Қазақстан азаматтары бар екенін растады.
Менің білуімше, Пәкістанда Үндістанға қарағанда біздің елдің азаматтары көбірек. Бұл – бізде бар деректер, яғни елшілікке консулдық тіркеуге тұрған азаматтар. Олар біздің елшіліктермен тұрақты байланыста. Қазіргі уақытта толыққанды соғыс болмағандықтан, эвакуация мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінде тұрған жоқ, – деді Ақан Рахметуллин.
Айта кетейік, Үндістан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас 22 сәуірде Үндістанның Кашмир мен Джамму аймағындағы Пахалгам туристік қаласында болған терактіден кейін күрт нашарлады. Аталған шабуыл салдарынан 25 үнді азаматы мен бір Непал азаматы қаза тапты.

