Қазақстан ауыл шаруашылығында 202 жаңа жоба қолға алынды
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және инфляцияны тежеу мәселелері қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жиында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы 2025–2027 жылдарға арналған «Инвестицияға тапсырыс» тұжырымдамасын таныстырды. Ол 202 жобаны қамтиды және негізгі мақсат – ішкі нарықты азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мен экспортты ұлғайту.
Тұжырымдама құс еті, сүт өнімдері, қант, шұжық және балық өнімдері сияқты импортқа тәуелді тауарларды өндіруге басымдық береді. Биылдың өзінде құс етін өндіруде толық өз-өзімізді қамтамасыз ету көзделген. Сондай-ақ сүт-тауарлы фермалар құрылысына жеңілдетілген несие беру бағдарламасы арқылы отандық сүт өндірісі 2–3 жылда ішкі сұранысты толық жабуы жоспарланып отыр.
Жылыжай құрылысы Шымкент, Түркістан, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында ірі көлемде іске асырылуда. Бұл маусымаралық кезеңде халықты көкөніспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге картоп пен жеміс-көкөніс дақылдарын қайта өңдеу бағытында халықаралық компаниялармен бірлескен жобалар қолға алынған.
Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 16,5%-ы импорттық брендтерден тұрады. Кейбір шекаралық өңірлерде бұл көрсеткіш 50%-ға дейін жетеді. Импорттың 97%-ы ЕАЭО елдерінен келеді, оның ішінде Ресейдің үлесі басым. Импорттық инфляция алты ай ішінде ӘМАТ бағасына 32% әсер еткен.
Қазіргі уақытта сауда ағындарын цифрландыру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Бұл жүйе халықтың тұтыну талғамын анықтап, өңірлік қажеттіліктерге сәйкес отандық өндірісті арттыруға мүмкіндік береді. Жобаның түпкі мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін нығайту, инфляцияны тежеу және бағаны тұрақтандыру.
Жиынды қорытындылаған Серік Жұманғарин азық-түлік жобаларын жүзеге асыруда тексерілген технологиялар мен нақты есептеулерге сүйену қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, отандық өндірісті дамыту инфляциямен күрестің және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтудың басты тетігіне айналады.

