Жаңалықтар

Қазақстан аумағынан 80-нен астам қылмыскер шығарылды

Қазақстан аумағынан 80-нен астам қылмыскер шығарылды
Фото: El.kz 23.02.2023 14:25 1096

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экстрадициялау рәсімі іздеудегі адамды ұстауды, оған қатысты соттың санкциясымен 40 тәулікке уақытша күзетпен ұстауды, содан кейін 12 ай мерзімге экстрадициялық қамаққа алуды қамтиды. Бас прокуратура 2022 жылы шет мемлекеттердің ұстап беру туралы 90-нан астам сұрау салуын қарастырып, оның 80-ін қанағаттандырған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстанның негізгі әріптестері Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан болғандықтан, осы елдермен экстрадициялау мәселелері бойынша өзара іс-қимылдың ең үлкен көлемі атап өтіледі. Қылмыс санаттары бойынша адамдар негізінен алаяқтық, ұрлық, адам өлтіру, есірткінің заңсыз айналымы үшін беріледі.

«Мысалы, Ресей Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша 2022 жылы осы елдің азаматы А.Ж. Урзагулов мемлекетаралық іздеуде болған және Ақтөбе облысының аумағында ұсталған. Ресейдің құқық қорғау органдары оны Н.М. Жумагазиевті атыс қаруымен топтық өлтірді деп айыптады. Орынбор облыстық сотының үкімімен А. Ж. Урзагулов аталған қылмысы үшін 15 жылға бас бостандығынан айырылды. 75 000 АҚШ доллары сомасына алаяқтық жасағаны үшін Өзбекстанға берілген Г.Т. Нәбиев Самарқанд қалалық қылмыстық сотының үкімімен 9 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Сондай-ақ өткен жылы ресейлік құқық қорғау органдарына Давлатов С.Т., Авдеев С. В., Алиев Р. Х. және Транда Е. В. ауырлататын мән-жайларда адам өлтіргені үшін; Р. С.Хатов, А. А.Соколов, Х. М. Гадамаури есірткі сатқаны үшін берілді. Грузия Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Р.М. Чхиквадзе денсаулыққа ауыр зиян келтіргені үшін, Қырғыз әріптестерінің сұрау салуы бойынша қарақшылық жасағаны үшін Н. К. Құрманбеков берілді», - делінген ведомство хабарламасында.

Бас прокуратура қылмысқа қарсы іс-қимыл және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету саласында шет мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып отыр. Бұл ретте, жұмыстың едәуір көлемі экстрадиция сияқты маңызды бағытта жүзеге асырылады.

Соңғы жылдары АҚШ, Түркия, Литва құзыретті органдарының сұранысы бойынша іздеуде жүрген адамдар берілген. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға