Жаңалықтар

Қазақстан Ауғанстанның сенімді өкілін аккредиттеді

Қазақстан Ауғанстанның сенімді өкілін аккредиттеді
Фото: ҚР СІМ 21.08.2024 22:11 1844

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Ауғанстан дипломатиялық өкілдігінің басшысы Мохаммад Ур Рехман Рахманиді қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

СІМ мәліметінше, кездесу барысында Ә.Бақаев Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту бойыша екі мемлекет үшін маңызды мақсатты басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы М.Рахманиді Ауғанстанның ҚР-дағы сенімді өкілі ретінде аккредиттегенін мәлімдеді.

Ауғанстанның аймақтық қатынастарға белсенді араласуы ел экономикасын қалпына келтіруге, ауған халқының жағдайын жақсарту арқылы әлеуметтік тұрақтылықты, сондай-ақ аймақта бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға қосымша жағдай жасайды.

Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсету және күрделі гуманитарлық мәселелерді шешу үшін халықаралық күш-жігерді біріктіруді жақтайды. Осы мақсатта Қазақстан Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның Өңірлік орталығын құруды ұсынды, - делінген мәліметте.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға