Жаңалықтар

Қазақстан Ауғанстанға 81 вагон азық-түлік жіберген

Қазақстан Ауғанстанға 81 вагон азық-түлік жіберген
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 03.08.2023 14:02 1151

Соңғы екі жылда Қазақстан Ауғанстанға 81 вагон азық-түлікті гуманитарлық көмек ретінде жіберді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақпараттың хабарлауынша, бұл туралы ҚР Сыртқы істер вице-министрі Қанат Тумыш елордада өтіп жатқан Қазақстан мен Ауғанстан бизнес-форумында айтты.

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тарихи тамыры терең қарым-қатынастар тату көршілік, өзара сенім мен тиімді ынтымақтастық қағидаттарына негізделген және жылдан-жылға өз дамуын жалғастыруда. Еліміз Ауғанстанның тәуелсіз, бейбіт, бейтарап демократиялық ел ретінде дамып, гүлденген мемлекетке айналғанын қалайтынын атап өткім келеді. Осы орайда Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету мәселесіне зор үлес қосып, Ауғанстан халқына материалдық қолдау көрсетуді жалғастырды. Тек соңғы екі жылда ғана Қазақстан Ауғанстанға 10 мың тонна ұн, ең қажетті тауарлар мен дәрі-дәрмектерді гуманитарлық көмек ретінде жөнелтті, - деді Қанат Тумыш.

Оның айтуынша, 81 вагон азық-түліктен тұратын гуманитарлық көмектің соңғы партиясы биылғы сәуірде Қазақстанның үкіметтік делегациясының Кабулға ресми сапары аясында жеткізілген.

Қазақстан Ауғанстандағы азық-түлік дағдарысын еңсеру үшін халықтаралық серіктестермен, ұйымдармен белсенді ықпалдасуда. Еліміз ауған халқына көмек көрсету үшін БҰҰ, ИЫҰ бағдарламалары аясында қаржы бөлуде. 2023 жылғы сәуірде азық-түлік қауіпсіздігі аясында қазақ қаражаты есебінен ұн жеткізілді, - деді вице-министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға