Қазақстан АҚШ-қа 25 млн долларға Алматыдан жер жалға береді
Сенат отырысында «Қазақстан мен АҚШ үкіметтері арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімге 2024 жылғы 27 қыркүйекте Нью-Йоркте қол қойылған.
Комитет төрағасы Андрей Лукиннің айтуынша, заңмен жер учаскесін беру тәртібі мен шарттары регламенттеледі.
Келісімнің 1-бабына сәйкес 70593 шаршы метр жер учаскесі қосымша жалға беру шарты жасалған күннен бастап 49 жыл мерзімге жалға беріледі. Жалға берудің көрсетілген кезеңіне жалдау ақысы 25 301 016 АҚШ долларын құрайды және осы келісім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде бірыңғай төлеммен төленетін болады, - деп атап өтті Андрей Лукин.
Сондай-ақ келісімнің нормаларына сәйкес АҚШ Үкіметі қандай да бір салықтарды, кедендік төлемдерді төлеуден, рұқсат алу туралы талаптардан босатылады, консулдықтың ғимаратын салумен, күтіп-ұстаумен және жөндеумен, сондай-ақ коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеумен байланысты барлық шығыстарды өзі төлейді.
Бас консулдықтың жалға берілетін учаскесінде, басқалармен қатар, АҚШ Сауда министрлігінің өкілдігін, Есірткімен күрес жөніндегі агенттікті, АҚШ Коммерциялық қызметін орналастыру жоспарлануда. АҚШ Бас консулдығы Орта Азиядағы ірі визалық хаб болады. Бұл Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын нығайтады, тікелей шетелдік инвестицияларды тартады, жаңа жұмыс орындарын ашады және бизнес пен көрсетілетін қызметтердің өсуіне ықпал етеді, - деді комитет төрағасы.
Келісімді ратификациялау болашақ инвестициялар үшін халықаралық серіктестердің сенімін және Қазақстанның тұрақтылығы мен тартымдылығына олардың сенімділігін арттырады, сондай-ақ Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайтады.

