Қазақстан АӨК-ті цифрландыру мен инвестицияға басымдық береді
Ауыл шаруашылығы министрлігінде Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды іске асыру мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оған вице-министрлер, құрылымдық бөлімшелер мен ведомствоға қарасты ұйымдардың басшылары қатысты. Министр Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару үшін жүйелі тәсіл, заманауи технологиялар, цифрлық шешімдер және жасанды интеллектіні енгізу қажет екенін атап өтті. Басымдық ретінде мал шаруашылығын дамыту, қайта өңдеуді кеңейту және агрохабтар құру міндеттері қойылды.
Вице-министр Аманғали Бердалин мал шаруашылығы бойынша кешенді жоспарды таныстырды. Онда жеңілдетілген несиелер, асыл тұқымды мал сатып алуға ұзақ мерзімді қарыз беру, «Даму» қоры арқылы кепілдендіру және сала қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Сонымен қатар, экспорттық әлеуетті арттыру, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін нысандар салу мен зертханалық жабдықтарға қаржы бөлінді. Қытай, Ресей, Түркия нарықтары ашылып, биыл Иран мен Грузияға экспорт басталды.
Вице-министр Ермек Кенжеханұлы инвестициялар тарту бағытындағы жұмыстарды баяндады. 2025 жылдың жеті айында салаға 710,6 млрд теңге инвестиция тартылып, жалпы құны 1 трлн теңгелік 5 келісім жасалды. 2027 жылға дейін 3,4 трлн теңгені құрайтын 711 жобадан тұратын Жол картасы дайындалған. Ірі жобалардың қатарында қызанақ өндіретін жылыжай кешені, қант зауыты, жүгеріні терең өңдейтін парк және астық пен бұршақты қайта өңдеу кешені бар.
Сонымен қатар, аграрлық экспортты кеңейту жоспарлары таныстырылды. Қазақстандық өнімдерді жаңа нарықтарға ілгерілету, логистиканы дамыту және маркетингтік стратегияларды іске асыру қарастырылуда. Экспорт географиясы Марокко, Алжир, Вьетнам сияқты елдерге дейін кеңейеді.
Жер ресурстарын басқару комитеті бірыңғай цифрлық жер картасын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. 2022 жылдан бері 13,7 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылып, оның 6,2 млн га қайта бөлінді. 2025 жылға дейін 190 млн га жерді толық цифрландыру жоспарланған. Жаңа заманауи жер кадастры ақпараттық жүйесі іске қосылады.

