Жаңалықтар

«Қазақстан алюминийі» АҚ 60 жылдық мерейтойын атап өтті

«Қазақстан алюминийі» АҚ 60 жылдық мерейтойын атап өтті
Фото: Павлодар облысы әкімдігі/Валерий Бугаев 20.07.2024 12:07 627

Павлодар облысында ERG құрамына кіретін «Қазақстан алюминийі» АҚ 60 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Естай атындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, Павлодар алюминий зауыты мен электр станциясының ұжымын, сондай-ақ, металлургия саласының қызметкерлерін металлургтер күнімен құттықтады.

Бүгін өңіріміздің металлургтері кәсіби мерекелерін атап өтуде. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында еліміз металлургия бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында. Ал өңір өнеркәсібі флагмандарының тұрақты жұмысы мыңдаған павлодарлықтың әл-ауқатының және жалпы облысымыздың дамуының кепілі болып табылады.
60 жыл - бұл зауыт жұмысшыларының, ПАЗ ардагерлерінің өмірінде ғана емес, облыстың барлық тұрғындары үшін үлкен оқиға. Осы жылдар ішінде кәсіпорын облыс экономикасына елеулі үлес қосып, даңқты жолдан өтті. Іске қосылған күннен бастап 68 млн тоннадан астам алюминий тотығы өндірілді. ЖЭО-1 электр станциясы Павлодар тұрғындарының 40% жылумен қамтамасыз етеді. Әрбір өндірістік санның артында біздің металлургтердің орасан зор еңбегі жатыр. Қажырлы еңбектеріңіз бен істеріңізге деген адалдықтарыңыз үшін рахмет, - деді облыс басшысы.

(Фото: Павлодар облысы әкімдігі/Валерий Бугаев)

Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы металлургтерге мемлекеттік наградаларды және облыс әкімінің Құрмет грамоталарын табыстады.

Еліміздің металлургия өнеркәсібін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Құрмет» орденімен Ақсу ферроқорытпа зауытының шебері Мақсат Арынғазинов пен АФЗ балқытушысы Павел Сидоров марапатталды.

«Еңбек Даңқы» орденімен Электролиз зауытының операторы Нұржан Жақыпов пен ҚЭЗ слесары Берік Тезекбаев марапатталды.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен АФЗ және ҚЭЗ-ның 6 қызметкері марапатталды.

«Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі «Қазақстан алюминийі» АҚ гидрометаллургы Байболат Құсайыновқа және ҚЭЗ зертханашысы Тамара Сталеваға табысталды. Облыс әкімінің Құрмет грамоталары ПАЗ-дың 5 қызметкеріне табысталды.

(Фото: Павлодар облысы әкімдігі/Валерий Бугаев)

Айта кетейік, ERG өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Мереке құрметіне орай алюминий дивизионына салалық марапаттар табысталды. Өндірістің 3 озық шебері басшылықтан пәтер, тағы 10 қызметкер автокөлік алды.

Салтанатты шара өнер жұлдыздарының қатысуымен концертке жалғасты. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға