Қазақстан әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 34-орын алды
Қазақстан 69 елдің ішінде 34-орынға жайғасты. Бұл туралы халықаралық IMD (Халықаралық менеджментті дамыту институтының) World Competitiveness Ranking 2025 рейтингінің деректеріне сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Рейтинг туралы
IMD World Competitiveness Ranking – жыл сайын жарияланатын жаһандық зерттеу. Онда әр елдің экономикасының даму әлеуеті мен әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі бағаланады. Рейтингті Швейцарияда орналасқан Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD) әзірлейді.
Қазақстанның нәтижелері
2025 жылғы есепке сәйкес, Қазақстан 34-орынға көтерілген. Елдің көрсеткіштері бірнеше бағыт бойынша бағаланған:
Экономикалық көрсеткіштер – 51-орын (46,4 балл). Соңғы жылдары ел бұл бағытта 45 пен 58-орын аралығында болған.
Мемлекеттік басқару тиімділігі – 22-орын (63,2 балл). Көрсеткіш тұрақты деңгейде сақталуда.
Бизнес тиімділігі – 20-орын (66,8 балл). Бұл бағытта Қазақстанның позициясы жақсарған.
Инфрақұрылым сапасы – 44-орын (43,6 балл). Өткен жылмен салыстырғанда аздаған өсім байқалады.
2025 жылға арналған негізгі сын-тегеуріндер
IMD сарапшылары Қазақстан алдында тұрған басты міндеттерді де атады:
- Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін фискалдық тұрақтылықты сақтау және жауапты бизнес жүргізуді дамыту;
- Энергетикалық сектор мен коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту;
- Өнеркәсіп саласына білікті мамандар даярлау;
- Электронды үкімет жүйесіне жасанды интеллект элементтерін енгізу;
- Инвестициялық климат пен іскерлік ортаны жақсарту.
Бұл рейтинг Қазақстанның аймақтық және жаһандық деңгейде институционалдық және экономикалық әлеуетін арттыру жолындағы ілгерілеуін айқын көрсетеді.

