Қазақстан әлемдік бақыт рейтингінде 10 сатыға көтерілді
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Қазақстан әлемдік бақыт рейтингінде айтарлықтай серпіліс жасап, бір жылда 10 сатыға көтерілді. World Happiness Report-2025 есебіне сәйкес, ел 33-орынға жайғасып, Орталық Азия мен ТМД кеңістігінде көшбасшы атанды. Бұл нәтиже қазақстандықтардың өмірге қанағаттану деңгейі мен қоғамдағы әлеуметтік қолдаудың жоғары екенін көрсетеді.
Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстандағы өмірге қанағаттану көрсеткіші 6,633 баллды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 0,962-ге артқан. Бұл – халықтың жалпы әл-ауқаты мен әлеуметтік көңіл күйіндегі оң өзгерістердің айқын көрінісі.
Жекелеген көрсеткіштер бойынша да елдің нәтижесі назар аудартады. Әлеуметтік қолдау деңгейі бойынша Қазақстан әлемде 4-орынға көтерілсе, жомарттық және қайырымдылық үлесі бойынша 29-орыннан көрінді. Бұл қазақстандықтардың бір-біріне деген сенімі мен өзара көмектесу мәдениетінің жоғары екенін көрсетеді.
Жалпы рейтингте Қазақстаннан кейін Румыния (34), Франция (35), Сингапур (36), Сальвадор (37), Италия (38), Панама (39), Кувейт (40) және Испания (41) орналасқан.
Әлемдік рейтингтің көшін Финляндия тоғызыншы жыл қатарынан бастап келеді. Үздік үштікке сондай-ақ Исландия мен Дания енген. Ал алғашқы ондықта Швеция, Нидерланд, Коста-Рика, Норвегия, Израиль, Люксембург және Швейцария бар.
Айта кетейік, бұл рейтинг Gallup World Poll халықаралық сауалнамасының негізінде жасалады. Онда 140-тан астам ел тұрғындарының соңғы үш жылдағы өмір сапасына берген бағасы есепке алынады. Елдердің бақыт деңгейі алты негізгі фактор арқылы анықталады: табыс деңгейі, өмір сүру ұзақтығы, әлеуметтік қолдау, таңдау еркіндігі, жомарттық және сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі.
Рейтингтің соңғы бөлігінде Зимбабве, Малави, Ливан және Сьерра-Леоне сияқты елдер орналасқан. Ал Ауғанстан жетінші жыл қатарынан ең соңғы орында қалып отыр.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижесі бақыттың тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейтінін көрсетеді. Қоғамдағы сенім, әлеуметтік тұрақтылық және адамдардың өмірге қанағаттануы – негізгі шешуші факторлар болып қала береді.

