El.kz/Арман МУХАТОВ

Қазақстан AI арқылы миллиард халқы бар елдермен теңесе алады – Меруан Дебба

01.10.2025 18:21

Жасанды интеллект дәуірі шағын мемлекеттер үшін зор мүмкіндік тудырады. Қазақстан қолындағы деректер қорын тиімді пайдаланып, ұлттық ерекшелікке сай қолданбалы шешімдерді жүзеге асыру арқылы AI саласында айтарлықтай табысқа жете алады. Бұл туралы Astana Open Dialogue алаңында Khalifa University профессоры, белгілі ғалым Меруан Дебба айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Меруан Дебба – жасанды интеллект пен телекоммуникация саласында әлемге танымал француз ғалымы. Қазіргі уақытта ол Technology Innovation Institute жанындағы ЖИ бойынша бас ғылыми кеңесші қызметін атқарады. Ғалым 6G мен жасанды интеллект саласындағы жетекші халықаралық сарапшылардың бірі саналады. Ол 4G, 5G және 6G желілерінің дамуына тікелей үлес қосып, ондаған ғылыми-зерттеу еңбектерін жариялаған. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі сыйлықтар мен марапаттардың иегері.

Профессор Меруан Деббаның айтуынша, жасанды интеллект адамзаттың даму бағытын түбегейлі өзгертіп жатыр. Оның ең басты ерекшелігі – тиімділік. Бұрын бір істі атқару үшін мыңдаған адам қажет болса, бүгінде бір маман жаңа құралдардың көмегімен әлдеқайда көп нәтижеге қол жеткізе алады.

Кремний алқабына қарасақ, әлемдік деңгейдегі ең табысты стартаптар бастапқыда жүздеген адамнан құралмаған. Көпшілігінің негізін небәрі 20–50 жоғары деңгейлі маман қалаған. Бұл – Қазақстан сияқты шағын елдер үшін үлкен мүмкіндік. Сіздер миллиард халқы бар мемлекеттермен сан жағынан теңесе алмайсыздар, бірақ деректерді дұрыс пайдалану арқылы тиімділік тұрғысынан алға шығуға әбден болады, – деді ғалым.

Деббаның пікірінше, Қазақстан үшін жаңа іргелі модельдерді (foundation models) жасауға ұмтылудың қажеті жоқ. Оның орнына әлемде қолжетімді ашық модельдерді бейімдеп, ұлттық ерекшелік пен мәдени құндылықтарды сақтай отырып, нақты қолданбалы шешімдер әзірлеу әлдеқайда пайдалы.

Елдің қолындағы деректер – аса құнды актив. Сол деректерге негізделген отандық қолданбалар қоғам үшін нақты нәтиже бере алады, – деп атап өтті ол.

Сонымен қатар сарапшы есептеу қуаты (computing power) мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда ЖИ модельдерін үйретуден гөрі оларды қызмет көрсетуге бейімдеу әлдеқайда маңызды болып отыр.

Қазақстанда бұл бағытта жақсы қадамдар жасалып жатыр. Мемлекет есептеу инфрақұрылымын дамытуды қолға алған. Егер осыны дұрыс пайдалансақ, ондаған стартап сенімді әрі қауіпсіз қызметтерді іске қосып, елдің цифрлық дамуына серпін береді, – деді профессор.

Оның айтуынша, жасанды интеллект дәуірінде көп адам емес, аз да болса білікті мамандардың болуы жеткілікті.

Қазақстанның артықшылығы – ұлттық деректерді сақтай отырып, AI технологиясын өзіне тән бағыттарда қолдана білуінде. Бұл – сіздерді алпауыт мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекеге шығаратын жол, – деп қорытындылады Меруан Дебба.