Жаңалықтар

Қазақстан +7 халықаралық кодын пайданалануды жалғастырады

Қазақстан +7 халықаралық кодын пайданалануды жалғастырады
Фото: ©Pixabay.com 15.06.2024 11:11 227

ҚР ЦДИАӨМ Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасында дүниежүзілік нөмірлеудің 7-аймағын бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қою туралы Үкімет қаулысын дайындады. Қазіргі уақытта екі елдің байланыс ведомстволары арасында келісім жасалған. Бұл туралы ЦДИАӨМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2021 жылы Қазақстанға жеке код алу мақсатында халықаралық телефон коды +997 резервке қойылды. Алайда байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін талқылау барысында, жаңа кодқа көшу мүмкін екені, бірақ бірқатар қаржылық және технологиялық проблемалар туындайтыны анықталды, - делінген мәліметте.

Сонымен қатар отандық байланыс операторларының барлық абоненттері мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаларды алу үшін өз деректерін жаңартуы қажет болады. Осыған байланысты көшу кезеңінде ақаулар мен жағымсыз тәжірибенің ықтималдығы жоғары.

Осыған байланысты, азаматтардың ыңғайлылығы үшін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықаралық электр байланысы одағымен қайта келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды, - деп қосты ведомстводағылар.

Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасында дүниежүзілік нөмірлеудің 7-аймағын пайдалану туралы жаңа Келісімге қол қою мәселесі Ресей Федерациясының Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігімен қаралды.

Қазіргі уақытта жобаны мақұлдау туралы Ресей Федерациясының нотасын алу күтілуде.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға