Қазақстан футбол федерациясы

«Қазақшаны алып тастаңдар» дейтін»: қазақтың тұңғыш спорт комментаторы жайлы не білесіз?

Орталық стадионды алғаш рет қазақша сайратқан дауыс бар. Ол дауыс – Сұлтанғали Қаратаевтың дауысы. Аға буын жанкүйерлері үшін бұл есім – тұтас бір дәуір. Көзі тірі болғанда, биыл 23 маусымда 90 жасқа толар еді. Алайда қазақ спорт журналистикасының абызы 2018 жылдың 27 ақпанында өмірден өтті. 

Сұлтанғали Қаратаев 1936 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Тағдыр оны ерте есейтті.

Жастайымыздан жеті бала жетім қалдық. Соғыста да талай құқайды көрдік. Интернатта жүріп орта мектепті 21 жасқа қараған шағымда бір-ақ бітірдім. Жастайымыздан жеті бала жетім қалдық. Соғыста да талай құқайды көрдік. Интернатта жүріп орта мектепті 21 жасқа қараған шағымда бір-ақ бітірдім. Содан тырысып-тырмысып екінші жыл дегенде, 1956 жылы Алматыдағы КазГУ-дің филология факультетіне түсіп, оны үздік аяқтап шықтым, – деп еске алған еді ағамыз.

Қазақстан футбол федерациясы

Жазуға мектептен құмар болды. Соның арқасында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газеттерінде материалдары жарық көре бастады. Спорт тақырыбына да қалам тербеді.

Мектептен жазуға қызығатынмын. Соның көмегі тиіп, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») пен «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде де материалдарым шыға бастады. Спортқа да қалам тербеп жүрдім, – деген еді бір жолы.

Өзі кәсіби спортшы болмағанымен, бокс, шахмат, дойбы, жеңіл атлетикамен шұғылданды. Жазу мен спорт – өміріндегі екі арна осылайша тоғысты.

1964 жылы Қазақ радиосында ашылған қазақша спорт редакциясына жұмысқа қабылдануы – оның тағдырын түбегейлі өзгерткен сәт.

Қазақстан футбол федерациясы

Бұл 1964 жыл болатын. Міне, менің спорт журналистикасындағы қадамым солай басталды, – деп еді ол.

Кейін телевизияда да осындай штат ашылып, белгілі комментатор Владимир Толчинскиймен иық тірестіріп жұмыс істеді. Сөйтіп радиода да, телевизияда да қазақша репортаж жүргізетін алғашқы спорт комментаторы болып шыға келді.

Тұңғыш деген сөздің өзі – жауапкершілік. Бірақ осы атақ төңірегінде пікірталас та аз болмады.

«Сізден бөлек Рабат Жәнібеков, Айтбай Хангелдин, Совет Масғұтов есімдері айтылады. Бұған не дейсіз?» деген сауалға комментатор былай деп жауап қатқан еді:

Совет Масғұтов – қазақ телевизиясындағы тұңғыш диктор. Айтбай Хангелдин жазушы еді, спорт комментаторы болған емес. Мен радиоға 1964 жылы келсем, Рабат шамамен 1967-68 жылдары келді. Ол қалай тұңғыш болады екен…

Қазақстан футбол федерациясы

Дауысы сабырлы болғанымен, сөзінің астарында нақты дерек, дәлел жататын.

Комментаторлық жолда оған ешкім арнайы тәлімгер болған жоқ.

– Орыстілді әріптестеріңіз қолғабыс етті ме? – дегенде, ол бір сәт жымиып:

Владимир Толчинскиймен бірге талай репортаж жасадым. Даусы жақсы, футболды әбден меңгерген. Бірақ репортаждың қазақ тілінде жүргізілуін құп көрмейтін. Сылтауы – барлық қазақ орыс тілін түсінеді, қазақша терминдер қалыптаспаған дейтін. Біз берілмей, «почемулап» жүріп өз ісімізді жалғастыра бердік, – дейтін.

Осы «почемулап» жүріп, ол қазақ спортының тілін қалыптастырды.

Бүгін біз қолданатын «айып алаңы», «оң қаптал», «сол қаптал», «қосалқы құрам», «қарсы шабуыл», «қарымта шабуыл», «жұлқа көтеру», «серпе көтеру» – осының бәрі сол кезеңдегі ізденістің жемісі.

Бір ғана футболда қаншама тіркес бар. «Боковая линия», «лицевая линия», «вратарьская площадь»… Таңғалатыным, осы сөздердің тура баламасын бүгінгінің комментаторлары қолданбайды, – деп қынжылатын ол.

Алайда ең ауыр кезең – тіл үшін күрес еді.

Бастапқыда қазақшаға берілетін уақыт тым шектеулі болатын. Ойынның басында екі-үш минут, соңында екі-үш минут. Тек кімдер ойнап жатқанын, есепті айтып үлгеремін, – дейді.

Ол бұл мәселені талай жиналыста көтерген. Бірақ нәтиже бола бермеген.

Жоғары жақтан қоңырау келіп, «басшылықтың орысша тыңдағысы келіп жатыр екен. Қазақшасын алып тастасын» деген тапсырмамен талай рет комментаторлықтан шеттетілдім, – деп ашық айтқан еді.

Бұл – жай ғана кәсіби кедергі емес, ұлттық намысқа тиетін жағдай болатын.

Тек кейін ұжымға Кеңес Үсебаев келгенде жағдай өзгерді. Қазақ және орыс тіліндегі репортаж уақыты елу де елу пайыз болсын деген шешім шықты.

Қазақстан футбол федерациясы

Сол кездерде біздің қиналғанымызды көрсеңіз. Терминдер қалыптаспаған, аударып үлгеру керек, радиорепортаж бен телерепортаждың айырмасын енді үйреніп жатырмыз. Бірақ сенім артылды ма, орындауың керек, – дейтін Қаратаев.

Сөйтіп ол кітаптан, газеттен бас алмай ізденді.

Ол тек комментатор емес, зерттеуші еді.

Шора Сарыбаевпен бірге қазақша футбол, хоккей анықтамалықтарын төрт жыл қатарынан шығардық. Бесінші рет өзім шығардым. Мұхтар Әуезовтің 1914 жылы Семейде «Жарыс» командасында ойнағанын дәлелдейтін фотосуретті жарияладым. Ол суретті мұражайға тапсырдық, – дейді.

200-ден астам ғылыми-танымдық мақаласы энциклопедияларға енді. Мемлекеттік мұрағат оның еңбектерін қабылдады.

Соңғы жылдары ол бүгінгі спорт журналистикасына алаңдайтын.

Спорт журналистері тек өтіп жатқан бәсекені жазады. Ал спортта қолға алынбай жатқан мәселелерді, ауыл спортын, тарихын көтермейді. Қазақ спорты қалай өркендеді? Соған ешкім үңілмейді, – дейтін.

Оның ойынша, журналист кабинетте отырып емес, алаңда, жаттығу залында, спортшының жанында жүруі керек.

Білім, ізденіс, еңбекқорлық – міне, осы үшеуі пұшпаққа шығарады. Құр сөзіңді ешкім тыңдамайды. Тыңдарман нақты дерек естігісі келеді, – деп жиі қайталайтын.

– Спорт сізге не берді? – дегенде, ол аз-кем үнсіз қалып, сосын баяу ғана:

Өмір деген оңай емес. Тәуекелге барасың, жаныңды саласың. Соңғы кездері инсульттен қолдарым дірілдеп, даусым қарлығып қалған. Бірақ спорт маған сенім сыйлады. Жалтақтықты жеңдім. Ойымды жеткізуді үйрендім, – дейтін.

Ал өкініш туралы сұрағанда:

Неге өкінейін, шама барда еңбек еттік. Немере, шөбере сүйіп отырмын. Спортқа қанша сүйресем де, балаларымнан спортшы шықпады. Енді шөберелерді көреміз, – деп күлімсірейтін.

Қазақстан футбол федерациясы

Сұлтанғали Қаратаев – жай ғана комментатор емес. Ол – қазақ спорт тілінің сәулетшісі. Ол – стадион мінберінен қазақ сөзін асқақтатқан қайсар дауыс.

«Басшылық орысша тыңдайды» деген қысымға қарамастан, қазақшаны алып тастатпаған мінез.

Оның даусы – бір дәуірдің үні. Ал сол үн әлі де қазақ спорт журналистикасының санасында жаңғырып тұр.