Қазақша сөйлейтін француз қызы: Қазақтардың асықпайтыны маған үлгі болды
Домбыраның сазы мен қоңыр әуені оның жүрегін жылытып, ерекше сезімге бөледі. Прованстың жасыл даласында дүниеге келген 23 жастағы француз қызы Элиз – қазақ мәдениетіне ғашық. Таңқаларлығы, ол Қазақстанда тумаған, қазақ халқымен туыстық байланысы да жоқ. Соған қарамастан, қазақтың тілі мен дәстүрін ерекше құрметтеп, оны өз өмірінің ажырамас бір бөлігіне айналдырған.
El.kz интернет порталының тілшісі Элизбен тілдесіп, оның қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілігі мен қазақ тілін меңгеру жолы туралы сұрап білді.
Ол қазіргі уақытта Париж қаласында тұрады, бірақ түп-тамыры Прованс өңірінен, Францияның оңтүстігіндегі табиғаты көркем ауылдық аймақтан шыққан. Элиз жуырда сапа, қауіпсіздік және экологиялық менеджмент мамандығы бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған.
Ал бос уақытында түрлі тілдерді меңгеруге, спорт пен музыкаға көңіл бөледі. Ол қазақ тілінен бөлек неміс, орыс, қытай, корей тілдерін үйреніп жүр. Сонымен қатар флейтада ойнап, таэквондомен айналысады.
Домбыра мен қобыздың үні ерекше әсер етті
Элиздің Қазақстанға деген қызығушылығы 2019 жылы басталған. Бір кеште YouTube-тағы бейнежазбаларды қарап отырып, ол кездейсоқ қазақстандық қыздың влогын көріп қалады. Бұл бейне оны ерекше әсерге бөлеген.
Мен оның видеосын толық көріп шықтым. Қатты ұнады, ол сәтте өзіме «Бұл қандай ел?» деп сұрақ қойдым. Бұрын тек атын ғана естіген едім. Содан кейін зерттей бастадым. Қазақ тілінің әуезі өте әдемі естілді, содан қазақ музыкасын тыңдай бастадым. Домбыра мен қобыздың үні де жүрегімнен орын алды, – дейді Элиз.
Францияда COVID-19 пандемиясы кезінде карантин басталған уақытта ол қазақ әліпбиін үйренуге шешім қабылдайды.
Сол кезде-ақ қазақ тілін үйренгім келді, бірақ қажетті ресурстардың аздығынан біраз уақытқа тоқтатуға тура келді. Кейін Парижге оқу үшін көшкен соң, қазақ мәдениетіне қатысты іс-шараларды көріп, осы бағытқа қайта оралдым, – дейді ол.
Қазақ тілін өз бетімше үйрене бастадым
Элиз қазақ тілін алғашында өз бетімен үйрене бастаған. Ал биыл қыркүйек айынан бері ол Париждегі қазақ мәдени орталығында сенбі сайын өтетін сабақтарға қатысып жүр. Оның айтуынша, ең күрделі тұсы – қазақ тілін үйренуге арналған сапалы материалдардың аздығы.
Оқулықтардың көбі орыс немесе түрік тілінде, ал ағылшын тілінде өте аз, француз тілінде мүлде жоқ. Сол себепті қазақ тілін үйренгісі келетіндер мен басқа шетелдіктерге бұл қиынға соғады. Ал маған қазақ алфабитіндегі ең қиын әріп «р». Оны айтуға әлі де қиналамын, бірақ бір күні үйренемін деп үміттенемін. Қазақ тілінің грамматикасы да қиын, өйткені сөйлем құрылымы француз тілінен мүлде бөлек, – дейді Элиз.
Дегенмен, ол бұл үдерісіне риза. Өйткені қазақтармен бірнеше сөз болса да сөйлесе алу Элиз үшін үлкен жетістік.
Өзімнің алға жылжып, қысқа мәтіндерді түсіне бастағанымды көрген сайын шабыттанамын. Кешкі уақытта сөздік жаттау сәттері мен үшін ерекше демалыс іспетті, – дейді ол.
Қазақ өнері мен мәдениетіне тәнтімін
Элизге қазақ халқының мәдениетінде ең қатты әсер қалдырғаны – қонақ күту.
«Қонақ күту» сөзі қазақ халқының кеңпейіл, мейірімді болмысын дәл сипаттайды. Мен мұндай қонақжайлықты өзім де сезіндім, – дейді.
Қазақ халқының ұлттық тағамдарынан бешбармақ пен қазыны ерекше ұнататынын айтады. Сонымен қатар шұбат ішкенді жақсы көреді. Ол тіпті үйінде бешбармақ пен самса дайындап көріпті.
Парижде өткен қазақ кинофестивалінде қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмін тамашалаған Элиз ерекше әсер алғанын айтты.
Фильм мені терең ойға қалдырды, міндетті түрде көруге тұрарлық туынды, – деді.
Қазақ әншілерінен ол Димаш Құдайберген, Ninety One, Alpha, Айдын Жұмахан, Нұржан Керменбаев және Crystals топтарының әндерін сүйіп тыңдайды. Элиз қазақ халқының қонақжайлығын бірнеше рет сезінген.
Қазақстанға барған сапарымда адамдар маған түрлі сыйлықтар мен тәттілер ұсынды. Тіпті Париждің өзінде қазақ қауымдастығы мені өздерінің бір мүшесіндей қабылдап, әрдайым жылы қарсы алады. Олар өз мәдениеттерімен бөлісуді ерекше қуаныш көреді, – деді ол.
TikTok арқылы танылдым
Элиздің TikTok-тағы қазақша видеолары мыңдаған көрерменнің жүрегін жаулап үлгерді. Бір қыздың ықыласы бүкіл елдің назарын өз мәдениетіне қайта аударды.
Бастапқыда мен Қазақстан туралы видеоларды тек өзім және достарым үшін түсіретінмін. Бірақ видеолардың көп қаралым жинап, қазақ көрермендерінің жылы пікірлерін алу мені таңғалдырды әрі қуантты, – дейді Элиз.
Көп пікірлердің ішінде «Қазақ-Франция бір туған» деген сөз Элиздің жүрегіне ерекше әсер еткен.
@the_silkroad_ What are your hobbies ? Insta in my bio Follow me to see my progress in kazakh 🇰🇿 ---- #француз #казахстан #қазақстан #kazakh #kazakhstan ♬ son original - SilkRoadTales🇫🇷❤️🇰🇿
Бұл сөз екі халықтың арасындағы ұқсастықты дәл сипаттайды. Қазақтар мен француздарда ортақ рухани жақындық бар, – дейді.
Элиздің негізгі мақсаты – қазақ мәдениетін еуропалықтарға таныстырып, екі ел арасында рухани байланыс орнату. Ол өз контентін ағылшын және француз тілдерінде жасап, Қазақстан мен Орталық Азияны әлемге танытқысы келеді.
Мен Франция мен Қазақстан арасындағы мәдени алмасу іс-шараларына жиі қатысамын. TikTok парақшамда өзімнің прованстық мәдениетім туралы да бөлісіп жүрмін. Болашақта екі елде де мәдени жобалар ұйымдастырып, мәдениеттердің өзара байланысын нығайтқым келеді. Қазақтар да француз мәдениетіне қызығады, сол себепті мұндай іс-шаралардың көп болғанын қалаймын, – дейді Элиз.
Француз бен қазақтың ұқсастығы көп
Элиздің айтуынша, қазақтар мен француздардың өмір салтында ұқсастық көп.
Екі халық үшін де дастархан басында бірге ас ішу – қасиетті дәстүр. Францияда да, Қазақстанда да қонақ шақырғанда түрлі тағам әзірлеп, бірге отырып әңгімелесу маңызды. Рецепттеріміз әртүрлі болғанымен, біз де, қазақтар да негізгі өнім ретінде ұн, картоп, сәбіз, пияз сияқты қарапайым ингредиенттерді жиі қолданамыз. Ал айырмашылық – уақытқа деген көзқараста, – деді.
Қазақстанда кешігіп келу қалыпты нәрсе болса, Францияда ол әдепсіздік саналатынын айтады.
Қазақтар асықпайды, ал француздарда бәрі жылдам. Қазақтардың байсалдылығы мен сабырлылығы – мен үшін үлгі, – дейді ол.
Элиз Қазақстанға бұрын барып, Ақтауда болған. Келесі сапарында Алматы мен Астананы көріп, елдің өзге өңірлерін де аралауды армандайды.
Мен қазақтармен достасып үлгердім. Париждегі қазақ қауымдастығымен байланысым бар, сондай-ақ әлемнің түрлі елдеріндегі қазақтармен әлеуметтік желі арқылы араласамын, – дейді ол.
Қазақ мәдениетін терең зерттеп жүрмін
Қазақ тілін үйрену Элизге жаңа мүмкіндіктер ашқан. Ол түрлі саланың қызықты адамдарымен танысып, жаңа жобалардан шабыт алған.
Қазақ тілін меңгеру мені танытып қана қоймай, болашақта осы тілдің әлем бойынша танылуына үлес қосуға мүмкіндік береді. Мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, қазақ тілін үйренгісі келетіндерге арнап жаңа ресурстар дайындағым келеді, – дейді Элиз.
Қазір ол қазақ мәдениетін тереңірек зерттеп жүр. Қазақ мәдени орталығында өткізілетін шараларға жиі қатысады, Абай шығармашылығына арналған кештерде француз тілінде өлең оқыған.
Болашақта қазақ тілін жақсы меңгеріп, бірнеше жобаны жүзеге асырғым келеді. Қазақтарға француз тілін үйретіп, қос тілде кітаптар мен оқу құралдарын жасағым келеді. Бұл қазақ тілін үйренгісі келетін, бірақ орыс тілін білмейтін адамдарға үлкен көмек болар еді. Екі ел арасындағы мәдени алмасу жобаларына қатысып, нағыз мәдени көпір болу – менің арманым, – дейді.
Элиз қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктерге кеңес береді.
Бастауға қорықпаңыздар. Қазақтар өте жылы, ашық халық. Олар өз тілін үйренуге ниет білдірген әр адамға қуана көмектеседі, – дейді Элиз.
Элиздің қазақ тіліне деген қызығушылығы бүгінде шынайы сүйіспеншілікке ұласқан. Тілді меңгеру арқылы ол халқымыздың мінезін, мәдениетін, рухын таныды. Қазақтың қонақжайлығын, кеңпейілділігін сезіне отырып, Элиз "қазақ болу – тек қанмен емес, жанмен сезілетін күй" екенін дәлелдеді. Оның әңгімесі – шетелдіктер үшін де, өзіміз үшін де үлкен шабыт. Өйткені туған тілімізге ғашық болған бөтен елдің қызы арқылы біз өз мәдениетіміздің құндылығын қайта сезінеміз.

