Таразда жырды тыңдайтын емес, жадында сақтайтын жігіт бар десек, артық айтқанымыз емес. 25 жастағы Бекарыс Көштаевтың репертуарында жыр, терме және әндерді қоса алғанда 300-ге жуық туынды бар. Оның үстіне «Алпамыс батыр» дастанын төрт сағат бойы тоқтамай орындай алады.
Қазіргі заманда бір әннің мәтінін толық жаттай алмай жүргендер көп екенін ескерсек, мұның сирек қабілет екені рас. Домбыраны да ерте жастан ұстамаған: 8-сыныпта ғана қолға алыпты. Бірақ кеш басталған қызығушылық уақыт өте келе тұтас бір өмірлік бағытқа айналған.
Бекарыс бүгінгі күні тек белгілі бір жырмен шектелмейді. Ол 17-18 ғасырлардан жеткен Бұқар жырау, Қабан жырау мұраларын, «Қобыланды батыр», «Сұраншы батыр», «Қыз Жібек» секілді іргелі эпостарды, ноғайлы дәуірінен тараған «Қырымның қырық батыры» желісін еркін орындайды. Жырларды жай оқымайды, Жетісу өңіріне тән жиырмаға жуық мақаммен айтады. Яғни әр дастанның өз әуені, өз мінезі бар. Сол мінезді сақтап жеткізу – жыршы үшін ең маңызды міндет. Өнерпаздың айтуынша, бұрын жырау тек ән айтумен шектелмеген.
17-18 ғасырдан бері қарайғы жырларды орындап, айтып жүреміз. Менің орындайтын мақамдарым – Жетісу өңіріне тән мақамдар. Қазіргі таңда біз орындаушыларды бөліп-жарып жатамыз ғой. Мынау күйші, мынау әнші, мынау жыршы, мынау орындаушы деген секілді. Ал бұрынғы кезде мұның бәрі, яғни синкретті өнер бір адамның бойынан табылатын болған. Бір жыраудың өзі сол заманның бір театры саналған, – дейді ол.
Оқи отырыңыз:
- Мектеп буфетінен Michelin-ге дейін: Парижде француздарды мойындатқан қазақ қызы кім?
- Нағашыларым Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақовқа еліктеп өстім – Ерсін Балтағұл
- Ғасыр бұрын шығарылған Bugatti көлігі 3,5 млн еуроға сатылмақ
Сондықтан оның орындауында батырлық жорық жырлары ғана емес, тәлім-тәрбиелік мәні бар термелер де қатар жүреді. Яғни жыр – көңіл көтеру үшін емес, ой салу үшін айтылған өнер.
Біздің кейіпкер Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдаған соң үлкен қалада қалуды емес, туған жерге оралуды таңдаған. Қазір Тараздағы облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығында тегін үйірме ашып, шәкірт тәрбиелеп жүр. Мұнда балалар ғана емес, кәсіби орындаушылар да келеді. Өйткені жырды кітаптан үйрену бір басқа, оны көзімен көріп, тірі орындаушыдан есту – мүлде бөлек тәжірибе.
Ол жыршылықты тек сахнада орындаумен шектегісі келмейді. Қазір жыраулар жайлы ғылыми мақалалар жазып жүр, алдағы жоспары бұдан да ауқымды.
Қаратау мен Алатау арасындағы жыраулардың мұрасын жинап, мақамдарын нотаға түсіріп, кітап қылып шығарғым келеді, – дейді Бекарыс.
Бір кездері 30 күн бойы жырланған дастандар болғанын айтады. Бүгінде олардың көбі қысқарып, төрт сағаттық нұсқаға ғана жеткен. Соның өзі жоғалмай сақталса – үлкен олжа. Сондықтан ол жырды орындаушы ғана емес, сақтаушы болуды да мақсат етеді.
Қазір әлеуметтік желі дәуірінде ақпарат жылдам жаңарып, тез ұмытылады. Ал Бекарыс жатқа айтатын жырлар – бірнеше ғасыр бұрынғы халықтың жады. Сол себепті оның өнері жай қабілет емес, мәдени миссия іспетті. Бір адамның есінде тұтас дәуірдің сақталуы – сирек құбылыс. Жас жыршы үшін басты мақсат та осы: бабалар сөзін бүгінге жеткізу ғана емес, ертеңге аманаттау.

