«Қазақфильмнің» барлық нысандары мемлекет меншігінде қалады - министрлік
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Ұлттық «Қазақфильм» киностудиясының барлық негізгі өндірістік нысандары мемлекет меншігінде қалатынын ресми түрде мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Министрлік таратқан ақпаратқа сәйкес, бұл мәлімдеме Рысқұлов даңғылындағы «П» әрпі түрінде жобаланған ғимаратқа да қатысты. Аталған нысан әлі де «Қазақфильмнің» меншігінде, оны сату немесе жекешелендіру туралы ресми дерек жоқ.
Ведомствоның хабарлауынша, әр азамат өз пікірін білдіруге құқылы, алайда жалған ақпарат тарату ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес жауапкершілікке әкеледі.
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде, соның ішінде мәдениеттанушы Ерлан Төлеутайдың жазбаларында да шындыққа жанаспайтын мәліметтер жарияланған. Министрлік мұндай ақпарат қоғамда мемлекеттік органдарға деген сенімсіздік тудыруы мүмкін екенін ескертті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады.

