Жаңалықтар

Қазақ жігіті Қытайдан Қазақстанға 60 күн жүріп жаяу келді

Қазақ жігіті Қытайдан Қазақстанға 60 күн жүріп жаяу келді
Фото: Жеке мұрағат 04.07.2023 17:24 2977

1 мамыр күні Қытайдың Манас ауданынан жаяу жолға шыққан Есбол Асқарұлы Астанадағы «Бәйтерек» монументіне келіп ат басын тіреді. 60 күн талмай жүрген азамат 3 мың шақырымды артта қалдырған. Осы сапар арқылы жас жігіт қазақ-қытай достығын әлемге әйгілеп, Атажұртына деген сағынышын жеткізуді мұрат тұтыпты. Марафоншымен El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі тілдесіп қайтқан еді.

EL.kz: Есбол Асқарұлы, Қазақ еліне қош келдіңіз! Осыншама ұзақ жолды жаяу еңсерудің өзі – ерлік. Әуелі әңгімені өсірген еліңнен, есейткен жеріңнен бастасақ...

Есбол Асқарұлы: Рақмет! Аты-жөнім Есбол Асқарұлы. 1997 жылы 1 мамырда Шыңжаңдағы Санжы облысы Манас ауданы Шоқан деген ауылда дүниеге келгем.  Бір деректерде Шоқан Уәлиханов Қашқария сапарында осы жерге келіп, шатырын тіккен деген мәлімет кездеседі. Содан тартып Шоқан ауылы атанып кеткен деседі.

Қазақ жігіті Қытайдан Қазақстанға 60 күн жүріп жаяу келді
Жеке мұрағат

EL.kz: Қазақстанға барсам, осындай үлкен мұратқа жетсем деген ой қалай келді?

Есбол Асқарұлы: 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдағы іссапарында Пекинде қазақ тілінде баяндама жасады. Сол кезде есі дұрыс қазақтың бәрі естіп қуанды. Президентінің өзі қазақша сөйлеп жатыр, Қазақстанның дамуы, болашағы өте жарқын. Біз одан бақыт табамыз деген ниетте жақсы ойлар ойладық. Рухымыз көтерілді. «Бізде оралман деген жоқ, қандас деген сөз бар» деді Президент. Біз бұл сөзден қуат алып, жан дүниеміз оянды. Мен бала кезімнен Атажұртқа келуді аңсайтынмын. Осы жақтағы танымал тұлғалармен кездесіп, тарихи орындарды көрсем, саяхаттасам дейтінмін. Осы мақсатыма президенттің сөзі қанат бітірді. Арада 3-4 жыл өтті. Карантин болды. Осы уақытта үзбей жаттығу жасап, жол картасын сызып дайындалып жүрдім.

EL.kz: Сапарыңыз шекарадан өткеннен басталды ма?

Есбол Асқарұлы: Жоқ, Қорғас шегарасына 700 шақырым жердегі өз ауылым Шоқаннан басталды. Қазақстанның көк туы мен Қытайдың қызыл туын бірдей алып үйден шыққанмын. Жүрісіме емес туды көтеріп шыққаныма дән ризамын. Қорғас өткелінен өтіп Алматыға келдім. Алматыдан Астанаға жетіп отырмын. Алматыға жеткенше кейбір кісілер жол бойы ілесіп отырды. Жалғыз жүріп қиындыққа тап болып қалмасын деп қауып-қатерден сақтап жүрді. Алматыға жеткенде Астанадан Есболат деген ағамыз келді. Менің осы сапарым жайлы естіп Астанаға дейінгі 1200 шақырым жерді бірге басып өтті. Ауыз су, азық-түлік, жатын орынның барлығын алдын ала ұйымдастырып, көңіл бөліп жүрді.

Қазақ жігіті Қытайдан Қазақстанға 60 күн жүріп жаяу келді
Жеке мұрағат

EL.kz: Шекарадан өткеннен кейін күтіп алып, шығарып салып жатқан елдің қошаметін көрдік. Олар сіздің келе жатқаныңыздан қалай хабардар болды?

Есбол Асқарұлы: Мен сапарымның жарқын тұстарын тик-токқа салып отырдым. Көрген ел-жұрт бір-біріне таратып, қай жерде кетіп бара жатқаным жайлы көріп-біліп отырды. Оның үстіне Астанада Нұрдәулет, Серік деген ағаларым алдын-ала жоспарлап, хабардар етіп жатты.

EL.kz: Жолда өткен екі айшылық сапарыңызда кілең қонақ үй, жайлы жерге түнемегеніңіз белгілі. Жолдағы қиындықтармен, қызықты естеліктермен бөлісе кетсеңіз.

Есбол Асқарұлы: Жол бойы өткізген алпыс күннің көбінде далада жаттық. Жол үстінде қонақ үй кездессе ғана түнедік. Кей ауылдың тұсынан өткенде үлкендер шақырды. Аттап өте алмай жаяу барып еруледік. Ешқашан көлікке отырмадық. Шөл далада байланыс болмады. Су таусылып қалған кездер болды. Күнның ыстығына шыдамай күндіз жатып, түнде жүрдік. Тіпті Ақсүйек деген жердің аптабынан басымнан күн өтіп, мұрнымнан қан ақты. Кешкі салқынмен жолды өндіруге тырыстық. Күндіз көпірдің астында жатып демалдық. Жатқан жерімізде аттың тезегі бар екен. Тезектің асты толған шаян екен. Сол жолы бір үрейлендім.

Қазақ жігіті Қытайдан Қазақстанға 60 күн жүріп жаяу келді
Жеке мұрағат

Басым уақытымыз жолға кеткендіктен көп қызық уақиға демалатын кезде болды. Кешке тіккен шатырымызды жел ұшырып, жатын орынсыз қалған кездеріміз болды. Екі ауылдың арасы жүздеген шақырым. Күн аптап ыстық. Алып жүрген азық-түлігіміз көгеріп, сасып кеткен, ішерге су, жерге тамақ қалмай қалған шақтар болды. Жол-жөнекей қазақтың ақпейілдігіне қаншама рет куә болдық. 18 метрлік камаздар заулап кетіп бара жатып, көргеннен кейін неше жүз метрден тар жолда камазын бұрып қайта айналып келеді. Кезігіп, аман-сәлем жасасып, жолда сусын алып іш деп қолыма бес-он мың теңгесін ұстатып кетіп жатады. Осындай ізгі ниетті жандар бізге айтып тауса алмас әсер сыйлады!

EL.kz: Жол бойы қаншама даланы, табиғатты басып өттіңіз. Көңіліңізден шыққан жерлер, есіңізден көтерілмес естеліктер көп болған шығар?

Есбол Асқарұлы: Ұнаған жерлер, әсер қалтырған адамдар өте көп. Балқаш көлінің маңына келгенде алдымыздан бос жүрген ит шықты. Түрі қорқынышты. Қазір келіп қауып алып, талап тастайтындай. Бірақ әлгі ит менің келе жатқанымды білгендей, құдды өзім асыраған күшіктей жүгіріп келіп үстіме секірді. Құйрығын бұлаңдатып еркеледі. Асыр салып ойнады. Егер тілі болса қош келдің, сені қарсы аламыз деп айтатындай. Ит екеш иттің өзі біздің келіп жатқанымызды сезгендей. Қандастар деп қарсы алғандай. Иті осындай болғанда жұртының пейілін аңғара беріңіз! Өте керемет әсердемін! Жергілікті халықтың қарсы алуы мен ойлағаннан да жоғары болып шықты. Жомарт, ақкөңіл, жайраңдаған жайсаң ел. Кеңпейілдігін көрсетіп алдымыздан қымызын, бауырсағын алып шығып жатты. Әкімшілік болсын, қарапайым халық болсын құрметтеп, қолдап төбесіне көтерді.

EL.kz: Енді Қазақ елінде қаласыз ба? Алдағы мұрат-мақсатыңыз қандай?

Есбол Асқарұлы: Екі елдің саясаты да жақсарды. Шекара ашылды. Қаншама келе алмай қалған жандар келіп жатыр. Енді осы жақта қалып, бір адамдық үлесімізді қосқымыз келеді. Өзім Шоқан ауылынан шыққандықтан алда Шоқан Уәлихановтың туған жері Құсмұрынға барып қайтсам деп жоспарлап отырмын. Осылайша туған ауылым мен Шоқан атамыздың туған жерінің арасын жалғағым келеді!

Қазақ жігіті Қытайдан Қазақстанға 60 күн жүріп жаяу келді
Жеке мұрағат

EL.kz: Шынайы әңгімеңіз үшін рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға