Жаңалықтар

Қазақ жастары Англияда құлпынай теріп жүр - Асхат Аймағамбетов

Қазақ жастары Англияда құлпынай теріп жүр - Асхат Аймағамбетов
Фото: ©El.kz/Арман Мухатов 14.10.2024 12:00 6857

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Қазақстанда жұмыс істейтін кедейлер феномені белең алып жатқанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, әлеуметтанушылар елімізде жұмыс істейтін кедейлер феномені белең алып жатқанын айтқан. Ол дегеніміз – толық жұмыс күні істесе де, жалақысы кедейлік шегінен аса алмайтын адамдар. Бұл әсіресе мемлекеттік секторға қатысты, кітапханашылар, бухгалтерлер, техникалық қызметкерлер және тағы басқалар толық жұмыс күні істеп, бірақ жалақысы бойынша кедейлік шегінде тұрады. Бұл өте қауіпті жағдай болып тұр.

Еңбек нарығы дегенде, мигранттардың жағдайы да маңызды. Мигранттардың еңбек нарығындағы үлесі туралы нақты мәлімет жоқ. Релоканттарды айтпағанда, еңбек миграциясының өсуі – бұл жаһандық трендтердің өсуінің көрінісі. Бірақ біз еңбек миграциясын басқаруымыз керек. Дегенмен бүгінгі күні стратегия көрінбейді, - дейді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, Қазақстан басқа елдерге жұмысқа шығатын азаматтарымыздың құқықтарын қорғаумен жеткілікті деңгейде айналыспайды.

Алысқа бармай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін елдерді алайық. Әртүрлі мәліметтер бойынша, осы одақта шамамен 200 мың қазақстандық жұмыс істейді екен. Бұл іс жүзінде бүтін бір саламен тең. Көптеген отандасымыз Оңтүстік Кореяда еңбек етуде. Ол аздай, соңғы кездері Англияда құлпынай теріп жүрген азаматтар көбейіп кеткен. Олардың саны қанша және бұл факторлар біздің жұмыспен қамту статистикасында және басты саясатта ескеріле ме, біз оны бүгінде білмейміз. Біздің елдің азаматтары жұмыс істейтін барлық мемлекетпен, тіпті ол мемлекетте бір ғана отандасымыз жұмыс істейтін болса, олардың құқықтарын қорғау бойынша келісімдер жасалуы керек. Кәсіби бағдар жұмысы бойынша да бұл жұмыс өте әлсіз, - деді Аймағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға