Жаңалықтар

Қазақ тілінің қажеттілігі жоқ екенін білдіреді. Депутат өзекті мәселені көтерді

Қазақ тілінің қажеттілігі жоқ екенін білдіреді. Депутат өзекті мәселені көтерді
Фото: parlam.kz 05.04.2023 11:41 25938

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев қазақ тілінің жағдайына қатысты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбаевқа сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Заңмен бекітілген биік мәртебесіне қарамастан, бүгінгі күнге дейін мемлекеттік қызмет саласында ана тіліміздің ресми тілдің тасасында қалып отырғаны жасырын емес", - деді Самат Мұсабаев.


Ол осы ретте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығына сәйкес, мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін - мән белгіленбейді» деп жазылғанын атап өтті.

"Демек бұл, мемлекеттік қызметке өту барысындағы тапсырылатын тестілеуде қазақ тілінің қажеттілігі жоқ екенін білдіреді.Мысалы: «Б» корпусының мемлекеттік қызметке өту сынағында 9 нормативтік құқықтық актілер бойынша қамтылған 130 сұрақтың белгілі бір межесі көрсетілген. Ал қазақ тілінен өту межесі айқындалмаған. Бұл ана тілге деген құрметтің мүлдем жоқтығын көрсетеді", - депутат.

Ол мемлекеттік қызметке өткен азаматтарға берілетін сертификатта «Үміткер Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі мен заңнамаларын білуге арналған тестілеуден сәтті өтті» деп жазылады. Бұл анық көз бояшылық емес пе? деп таңдаңысын жасыра алмады. 

Осыған орай біздің ұсынысымыз мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде өткізілетін тестілеу кезінде қазақ тілі есепке алынып, үміткер 100 пайыз мемлекеттік тілден оң нәтиже шығару керек деген нормалар енгізілсін, -деді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға