Жаңалықтар

Қазақ тілі қажеттілік болғанда ғана дамиды

Қазақ тілі қажеттілік болғанда ғана дамиды
Фото: © Pixabay.com 24.05.2023 11:16 1603

«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген еді кезінде Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл қоғамның ең жанды жері. Сан ғасырлық тарихы бар қазақ елінің қалыптасу тарихында қазақ тілінің орны ерекше. Ұлы ғұламалар, әулие, әмбиелер, данышпандар мен ойшылдар сөйлеген тіл қазақ халқының құндылықтарының бірі. Кеңестік кезеңде қазақ тілінің маңыз, мәртебесін жойып екінші сортты тіл жасау жүйелі түрде қолға алынды.

Қазақ тілінің болашағына Үкімет басшысы кезінде Сәкен Сейфуллин ағамыз да алаңдап, кеңсе тіліне айналдырмақ болғаны тарихтан белгілі. Ақпараттық деректерде мынадай қызықты ақпараттар кездеседі.

Кейбір ақпарат көздерінің мәліметінше, дүние жүзінде жалпы саны 7000 тіл бар. Мамандардың айтуынша, олардың  2400-і жойылып кетеді. Статистика бойынша әр 14 күнде бір тіл өмір сүруін тоқтатады екен.  Сондай-ақ дүние жүзінде халық та, соған орай тіл де көп. Ғалымдар соңғы кездерге дейін дүние жүзінде екі мыңнан астам немесе үш мыңға жуық тіл бар деп келген еді.

1980 жылы Герман Федерациялық Республикасында жарияланған мағлұматтарға қарағанда 5661 тіл бар екен.

Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі,  һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.

Дүние жүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.

Кеңес кезінде тұншықтырылып, қолдан жасалған реформалар арқылы жастарға өз ана тілінде сөйлеуге, жазуға тіпті ойлауға жасырын түрде мүмкіндік бермеді. Алайда, әр қазақтың жүрегі болып табылатын ауыл қазақтары өзінің салт-дәстүрін, аңыз, әңгімелерін, тілін сақтап қалуға зор үлес қосты. Өзге ұлттарға арналып салынған қалаларда қазақ тіліне орын болмады.

 Қазақ әдебиет мен мәденитінің өкілдері қазақи болмасымызды сақтап қалуға үлес қосты. Бұл факторлар 70-жылдан астам Кеңестік жүйенің ықпалында болған қазақ үшін қауіпті үрдіс болды. Жастарымыз Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерімен, Шәмшінің әндерімен сусындап, «Абай жолы», «Көшпенділермен» тарихын танып өсті. Тәуелсіздік алған жылдары қазақ қоғамы өзінің ана тілін дамытуды қолға алды.

Кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептері қайта ашылып, әдеби оқулықтар шығарылып, жас мамандар даярланып тіл ғылымын зерттеп, зерделеніп жөнге келтіріле бастады. Бұған филолог ғалымдарымыз ерен еңбек етіп келеді. Дегенмен, қазіргі қоғамды алаңдатып отырған сұрақтардың бірі қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі Ата заңымызда белгіленіп көрсетілгенмен толық қолданысқа енгізілмей отырғандығы болып отыр. Әрине, көпэтносты мемлекетте бір тілде сөйлеу мүмкін емес шығар.

Бұл ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс. Бұл бағытта «Тілдерді қолданудың мемлекеттік тұжырымдамалары» қабылданып, жаңаланып келеді. Мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда, ұраншыл топтардың әлеуметтік желідегі көтеріп жүрген мәселелерінің арасында келісетін де, келіспейтін де тұстары баршылық. Ең бірінші қазақ тілі кеңсе тіліне айналу керек.

Өкінішке қарай, шетелден білім алған жастарымыз бен Кеңестік кезеңде тәрбиеленген көптеген аға буын өкілдері әлі күнге дейін орысша ойлап, орысша түсінеді. Мұндай азаматтар билік тармақтарына көптеп келсе, қазақ тілін жандандырамыз деген мемлекеттік саясаттың жүзеге аспауы мүмкін. Бұл үшін қандай қадамдар жасау керек?

Бірінші, ақпарат құралдарындағы қазақ тілді басылымдардың үлес салмағын арттыру керек. Екінші, қазақ мектептерінің санын біртіндеп көбейткен дұрыс. Үшіншіден, қазақ тіліне деген қажеттілікті қолдан болса да тундату керек. Сауда орындар, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен адам көп жүретін базарларда бағалары қазақша жазып, сервистік қызмет көрсету саласын біртіндеп көшіру керек.

Жылдарды қажет ететін мұндай жұмыстардың болашақта өз нәтижесін берері сөзсіз. Бұл жұмыстар Солтүстік пен Батыс және Шығыс өңірлерде белсенді жүргізілгені дұрыс. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін өңірлерде іс қағаздар алдымен орысша жазылып, қазақша аударылады. Қазақ тілді мамандарды аудармашы ретін ұстау үрдісі қалыптасқан. Мүлдем қазақша түсінбейтін басшылар отырған мекемелерде қазақ тіліне орын жоқ.

Қазақ тіліне деген қажеттілік болмаған соң шетелдік өндіріс компаниялар мен ірі сауда орындары да ана тілімізді менсінбейді. Қазақша қызмет көрсетуді талап еткен азаматтарды балағаттау, тіпті қуып шығу белең алып, әлеуметтік желіде талқыға түскіп жатады. Мұның барлығында тіл мәселесінде мемлекеттік органдардың, қадағалаушы органдардың жұмыс алгоритмдерінің жоқтығы және тиісті Заңға «тілді қорлау фактісі» деген бап енгізе отырып, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырған жөн.

Нақты қадамдар мен шаралардың нәтижесінде ғана қоғам болып, осы елде туып өскен өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тіліне деген құрмет сезімін оятуға болады. Мысалы, өнер саласында әнші Димаш Құдайберген қазақ әнімен әлемдік сахналарды бағындырып келеді. Дүниежүзіндегі Димашты сыйлайтын фанаттарының қазақ тіліне, қазақ әндеріне деген махаббаттары оянды.

Міне, осындай дарынды білім, мәдениет, спорт саласындағы жастарымызды мемлекеттік тілді қоғам арасында қолдану құралы ретінде пайдалануға болады. Парламент Мәжілісінде және Сенатта тілге жанашыр азаматтар да баршылық. Солардың қатарында жаңадан сайланға Болат Керімбек, Ринат Зайытов, Қазыбек Иса, Аманжол Әлтай, Нұртөре Жүсіп, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайұлы сынды елге танымал азаматтар да халықтың өтініш, тілегін қазақ тілінде жеткізіп жүргендігі қуантады.

Марқұм Амангелді Айталы ағамыздың «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Тіл мәртебесі-ұлт мәртебесі» атты мақаласында «Этнолингвистердің тілдер пирамидасы деген сөзі бар. Конституция бойынша барлық тілдер тең дегенмен, мемлекеттік тіл пирамиданың төбесінде, онан төмен басқа тілдер орналасады.

Осыған сәйкес пирамиданың төрінде қазақ тілі, онан төмен сан жағынан көп орыс диаспорасы, онан да төменгі сатыда жеті ірі диаспоралар – украин, өзбек, неміс, татар, ұйғыр, белорус, корейлер, ең төменгі сатыда 124 этностық топ орналасады: олардың 86-сының саны мыңнан, 42-сінің саны 200-ден, 53-інің саны 100-ден аспайды. Ал егер тілдердің қолдану аясы тұрғысынан сараласақ, пирамиданың басында орыс тілі тұрады. Бұл – көптеген отарланған ұлттардың тағдыры.

Бүгінде қай елдің де ұлттық бейнесі күрделі. Әр елдің тілдер мәселесін реттеуінің өз моделі, қайталанбас үлгісі бар, сонымен бірге ортақ заңдылықтары, қағидалары да бар.

 Оның ең бастылары: тыныштықты қаласаң, өз тіліңді сақта, бөтен тілді сыйла, сонымен бірге әділетті болу; мемлекеттік тілді саяси да, лингвистикалық та, экономикалық та, құқықтық тұрғыдан да қорғау; тіл тілге жау емес, бірақ тіл тілге бәсекелес. Сондықтан оларды қорғаудың деңгейі, әдісі, жолдары әрқилы» деген.

Жалпы алғанда, Қазақстанда «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдайтын уақыт келді. Тіпті әлемдік держава саналатын Францияда, Англияда тіпті Ресейде «Мемлекеттік тіл туралы» Заң бар. Бұл мәселені қазір қоғам өкілдері жаппай көтеруде.

Әрине, билік тарапынан қазақ тіліне көшсе өзге этностарды кемсітушілік ретінде қаралауы мүмкін деген қауіп болғандықтан қазанның қақпағын уақытша жауап отыр. Ал қазақ тілін баршаға ортақ тіл ету үшін алдымен өзіміз сөйлеуіміз керек.

Алпыстағы әжесі алтыдағы немересімен орысша сөйлесіп отырса, қазақ тілінің көсегесі қайдан көгерсін. Сондықтан да президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай ең бірінші қоғамдық сананы өзгертуіміз  керек.

Ел аумағында тұратын қазақтың саны 70 пайыздан асты деп «уралағанымызбен» ана тілін білмейтін жастардың үлес салмағы әлі де көп. Сондықтан ең бірінші өз қазағымызды тәрбиелеуіміз керек.

Біздің жастарымыз ана тілінен басқа өзге де тілдерді меңгерген білімді ұрпақ бола алады. Бұған үлгі президент Тоқаев. Әлемнің бірнеше тілдерін еркін меңгерген Президентімізді көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі билейді. Сол сияқты замануи технологиялар қолжетімді кезеңде жастарымызға бірнеше тілді меңгеру еш қиындық тудырмасы анық.

"Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді" - деп Ғабит Мүсірепов айтпақшы, ана тілінен қол үзу болашаққа төнетін қауіп. Мұның артында мемлекеттік болашағы тұр.

Елдің елдігі, кемел келешегі ана тілін қадірлейтін, ата тарихын құрметтейтін жастардың қолында.

Көрінген бізді төмен санап, аузымен «әңгіртаяқ» ойнатпау үшін қазақ тілінің қадірін арттырып, қолданыс аясын кеңейтіп, әр қоғамның отансүйгіш азаматы білек сыбана кірісіп жұмыс жасауы керек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға